Accessibility links

Назарбаев мораторий туралы жарлық шығарды


Ақорда (Көрнекі сурет).
Ақорда (Көрнекі сурет).

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін жер туралы кодекстің кейбір баптарына мораторий жариялау туралы жарлық шығарды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарлықта 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін 2015 жылдың 2 қарашасында қабылданған "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының қолданысқа енуіне мораторий жарияланады.

Бұған қоса жарлыққа сай "шетелдіктерге, немесе азаматтығы жоқтарға, шетелдік заңды тұлғаларға, жарғылық капиталында шетелдіктердің, азаматтығы жоқтардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан көп заңды тұлғаларға ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жалға алу құқығымен уақытша пайдалану құқығын беруге" мораторий жарияланады.

Құжат бойынша мемлекет меншігіндегі ауылшаруашылығы жерлерін жеке және заңды тұлғаларға жеке меншікке беруге де мораторий жарияланбақ.

Назарбаев осыған байланысты үкіметке жер кодексіне мораторий жариялау туралы түзету енгізуді, жер реформасы бойынша комиссия құруды, президент әкімшілігіне жарлықтың орындалуын бақылауды тапсырған.

Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

XS
SM
MD
LG