Accessibility links

Өзбекстаннан қашқан Кушаевқа Эстония босқын мәртебесін бермеді


Өзбекстаннан қашқан Әбдірешид Кушаев Эстонияның Тарту қаласындағы дүкенде. Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған сурет.

Өзбекстаннан қашқан Әбдірешид Кушаев Эстонияның Тарту қаласындағы дүкенде. Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған сурет.

Өзбекстаннан шетелге қашқан 52 жастағы босқын Әбдірешид Кушаевқа Эстония билігі босқын мәртебесін беруден бас тартты. Бұл туралы ол бүгін Азаттық тілшісіне Facebook арқылы жазған хатында хабарлады.

«Маған босқын мәртебесі берілмейтіні туралы шешім кеше қолыма тиді. Оған қарсы шағым жазуға 10 күн және өз еркіммен кетуіме бір ай мұрсат берді» деп жазды Кушаев.

Эстония билігі Кушаевтың босқын мәртебесін беруді сұрап жазған өтінішін «негізсіз» деп тапқан. Ондай шешімді Пярну қаласының полиция және шекара күзеті департаменті сарапшысы қабылдаған. Құжатта Кушаевтың бұл шешімге қарсы Таллин әкімшілік сотына 10 күн ішінде шағым беруге құқығы бары жазылған.

Осыдан үш ай бұрын Азаттыққа жазған хатында Әбдірешид Кушаев Эстонияда «жағдайы енді түзеле бастағаны» туралы жазған. Эстония билігі өзіне босқын мәртебесін беретіндігіне сенімді екенін айтқан Кушаев ол елдегі жағдайын «жерұйыққа» балаған еді. Осыдан шамамен жарты ай бұрын бірнеше интернет-басылым оның «Еркін Еуропаға! Өзбекстандық босқынның сыры» атты кітабы жарияланған.

Өзбекстан азаматтығы жоқ Әбдірешид Кушаев ол елден 2015 жылы жаяу-жалпылап қашып, алдымен Қазақстанға, кейін Ресейге барған. Бірақ екі елде де босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған қашқын былтыр қарашада Ресейден Эстония шекарасын заңыз кесіп өткен. Әуелгіде Финляндияға жетуді жоспарлап барған Кушаев Эстонияда жағдай өзіне ұнаған соң сол елде қалуды шешкен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG