Accessibility links

Лондон мэрі сайлауында мұсылман Садик Хан жеңіске жетті


Лондон мэрі сайлауында жеңіске жеткен Садик Хан (оң жақта) мен әйелі Саадия. Лондон. 5 мамыр 2016 жыл.
Лондон мэрі сайлауында жеңіске жеткен Садик Хан (оң жақта) мен әйелі Саадия. Лондон. 5 мамыр 2016 жыл.

Ұлыбритания астанасы Лондон қаласының мэрі сайлауында лейбористік партия кандидаты мұсылман Садик Ханға сайлаушылардың 56,8 пайызы дауыс берген. Осылайша ел тарихында және Еуропа Одағына мүше елдер арасында алғаш рет мемлекет астанасының басшылығына мұсылман адам сайланып отыр деп хабарлайды ВВС.

Ханның бәсекелесі, консервативтік партия кандидаты Заг Голдсмит сайлауда 43,2 пайыз дауыс жиған.

45 жастағы Садик Хан Ұлыбританияға Пәкістаннан көшіп барған отбасында дүниеге келген. Оның әкесі автобус жүргізушісі болып жұмыс істейді. Заг Голдсмит болса ағылшынның бай ақсүйектер отбасында өсіп, Итонда білім алған.

Сайлауалды компания кезінде Голдсмит Ханды исламшыл экстремистерге қолдау білдіретін «қауіпті» адам ретінде сынға алған. Осыған ұқсас айыптауларды консерваторлар партиясының өзге де өкілдері, солардың ішінде премьер-министр Дэвид Кэмерон да айтқан.

Садик Хан өз кезегінде Голдсмитті «сайлаушыларды қорқытқысы келеді» деп сынап, Лондон көптеген ұлт және дін өкілдері мекендейтін мегаполис екенін, онда 1 миллионнан астам мұсылман тұратынын еске салған. Өзін «британдық мұсылманмын» деп атаған Садик Хан экстремистерге қарсы күресуге уәде берген.

Лондон мэрі қызметі 2000 жылы Тони Блэр үкіметі кезінде тағайындалған. Мэрдің міндетіне көлік, полиция, қоршаған ортаның жағдайы, тұрғын үй және қаланы жоспарлау тәрізді маңызды мәселелерді реттеу жатады. Лондон мэрі төрт жыл мерзімге сайланады және бір адамның бұл қызметке қайта сайлануына шектеу қойылмаған.

2008 жылдан бері Лондон мэрі болып қызмет атқарып келген Борис Джонсон биыл сайлауға түспеген еді.

XS
SM
MD
LG