Accessibility links

Иракта адамдарды жаппай көмген 50-ден аса орын табылған


Рамади қаласында адамдар жаппай көмілген қорымнан қазып алынған сүйектің жанында тұрған сот-медициналық сарапшылар. Ирак, 19 сәуір 2016 жыл.

Рамади қаласында адамдар жаппай көмілген қорымнан қазып алынған сүйектің жанында тұрған сот-медициналық сарапшылар. Ирак, 19 сәуір 2016 жыл.

Иракта «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобынан азат етілген аймақтардан адамдарды жаппай көмген 50-ден аса орын анықталған. Бұл туралы БҰҰ-ның Ирактағы өкілі Ян Кубиш мәлімдеген.

Оның сөзінше, Ирактың солтүстігі және батысында Рамади қаласы мен өзге де территорияны Ирак жауынгерлері АҚШ әскерилері мен әуе күштерінің қолдауымен азат еткен соң экстремистер жасаған жантүршігерлік қылмыс айғақтарына кезіккен.

40-қа жуық адам жерленген үш қорым 19 сәуірде Рамади қаласындағы футбол алаңынан табылған. Бұл қала ақпан айында исламшыл содырлардан толық азат етілген.

БҰҰ өкілі тұрғындарының үштен бір бөлігі немесе 10 миллионнан астам адам (былтырғыдан екі есе көп) шұғыл көмекке мұқтаж болып отырған Иракта гуманитарлық дағдарыс нашарлап бара жатқанын айтады.

Ян Кубиштің болжамы бойынша, ИМ содырларын басып алған территорриядан ығыстыруға бағытталған жаңа әскери науқанға байланысты жыл соңына дейін тағы екі миллиондай адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болуы мүмкін.

Ирак әскерилері мен күрдтердің қарулы жасағы биыл наурызда Ниневия провинциясында экстремистерге қарсы шабуыл бастаған. Аймақ орталығы Мосул қаласын 2014 жылғы маусымнан бері ИМ содырлары бақылауында ұстап отыр.

XS
SM
MD
LG