Accessibility links

Савченко Ресей соты салған айыппұлды төледі


Украиналық әскери Надежда Савченко сот залында. Донецк қаласы, Ростов облысы, Ресей. 21 наурыз 2016 жыл.
Украиналық әскери Надежда Савченко сот залында. Донецк қаласы, Ростов облысы, Ресей. 21 наурыз 2016 жыл.

Ресейде сот үкімімен 22 жылға бас бостандығынан айырылған украиналық әскери қызметкер Надежда Савченко Отанына оралу мүмкіндігіне қол жеткізу үшін өзіне сот салған 30 рубль айыппұлды төледі. Бұл туралы жексенбі күні оның анасы Мария Савченко хабарлаған.

Бұған дейін Ресей соты Надежда Савченконы Украинаның шығысында мерт болған ресейлік екі журналистің қазасына айыпты деп танып, оған ұзақ мерзімге түрме жазасын тағайындау және «шекараны заңсыз кесіп өткені» үшін 30 мың рубль айыппұл салу туралы үкім шығарған.

Мария Савченконың айтуынша, айыппұл төленгені туралы ол қызының адвокаты Николай Полозовтан естіген. Бұған дейін Надежда Савченко өзін Ресейге еркінен тыс әкелгендіктен сот шешіммен келіспейтінін және айыппұл төлемейтінін мәлімдеген. Бірақ, адвокаттың айтуынша, тұтқынды Отанына қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда сот салған айыппұлдың төленген болуы шарт екенін естіген соң Савченко оны төлеуге келіскен. Айыппұл төлеуге ақшаны Украина консулдығы берген деп хабарланды.

Надежда Савченко өзін Украинаға экстрадициялауға қажетті құжаттарды сәуірдің соңында толтырған. Оны Украинада терроризм бабы бойынша айыпталып, ұзақ мерзімге сотталған ресейлік Евгений Ерофеев пен Александр Александровқа айырбастауы мүмкін деген болжам айтылады. Ресейліктердің ісі бойынша шыққан сот үкімі мамырдың соңында күшіне енуі тиіс.

Украина және Батыс елдерінің басшылары Ресейді түрмеде отырған Надежда Савченкоға бостандық беріп, оны Отанына қайтаруға шақырып отыр.

XS
SM
MD
LG