Accessibility links

Түркия әскерилері Сирияда ондаған исламшыл содырдың көзін жойған


Түркияның Килис ауданы, сәуір, 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Түркияның Килис ауданы, сәуір, 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Түркия әскерилері Сирияның солтүстігінде «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы жүргізген операция барысында 55 адамды өлтірген деп хабарлады түрік ақпарат құралдары. Anadolu ақпарат агенттігі мен Dogan жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, түркиялык әскерилер Алеппо маңындағы нысаналарға соққы беріп, нәтижесінде үш көлік пен үш зымыран қондырғысы жойылған. Агенттіктер ақпаратында сонымен бірге Ирактың солтүстігіндегі Күрдістан жұмысшы партиясының позицияларына да соққы берілгені айтылады. Бұл мәліметтерді тәуелсіз ақпарат көздерінен растау мүмкін болмады.

«Ислам мемлекеті» экстремистері мен Күрдістан жұмысшы партиясы бұған дейін Түркияда соңғы айларда болған бірнеше шабуылға жауапкершілікті алатыны туралы мәлімдеген еді. Сириядағы ИМ бақылауын орнатқан аймақтармен шектесетін Түркияның Килис ауданын қаңтардың ортасынан бері үнемі әскери қарудан атқылайды. Соның салдарынан осы уақытқа дейін кемінде 20 адам қаза тапқан. Мамыр айының басында Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоглу Анкара «қажет болған жағдайда» Сирияға әскер жіберуге дайын деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG