Accessibility links

CNN: Сириядағы ресейлік әскер саны айтылып жүргеннен көп


Жеңіс күні қарсаңында Хмеймим әскери әуе базасында өткен парадқа қатысушы ресейлік әскерилер. Латакия провинциясы, Сирия, 5 мамыр 2016 жыл.
Жеңіс күні қарсаңында Хмеймим әскери әуе базасында өткен парадқа қатысушы ресейлік әскерилер. Латакия провинциясы, Сирия, 5 мамыр 2016 жыл.

Сирия жерінде Ресейдің осыған дейін айтылып келгеннен әлдеқайда көп әскері бар деп хабарлады жақында бірнеше елдің журналистері енген үлкен топ құрамында Сириядағы Пальмира қаласында болып қайтқан CNN телеарнасы тілшісі.

Пальмираны «Ислам мемлекеті» экстремистік тобынан тазартуға Сирия армиясы мен одақтастарына ресейлік әуе күштері көмектескенін паш ету үшін журналистердің ежелгі қалаға сапарын ресейлік әскерилер ұйымдастырған. Осы топ құрамында барған CNN тілшісі Фредерик Плейтген Сириядағы ресейлік әскерилердің көптігіне таңғалғанын айтады.

Ресейлік әскери конвоймен бірге Латакиядағы әскери базадан Пальмираға дейінгі алты сағатқа жалғасқан сапар барысында журналистер теңіз жағалауы бойында, Хомс қаласы мен Пальмира маңында кездестірген базаларда ресейлік тікұшақтарды көрген.

Журналист Латакиядағы Хмеймим әскери әуе базасында Ресейдің ондаған ұшақтары, тікұшақтары, танкілері, беренді техникасы мен әуе шабуылына қарсы зымыран қондырғылары тұрғанына куә болған. Сирияның өзге аймақтарында ресейлік жаяу әскердің жүруі ол үшін күтпеген жайт болыпты. Ресми ақпарат бойынша, ресейлік саперлер орналасқан делінген Пальмираның іргесінде тұрғызылған әскери базада ондаған беренді әскери машина, әуе шабуылынан қорғанатын «Панцирь-С1» мобильді зымыран қондырғысымен жабдықталған жаяу әскер техникасы бары аңғарылған.

CNN тілшісі Сириядағы ресейлік әскерилердің нақты көлемін анықтау қиын, шамамен бірнеше мың адам болуы мүмкін деп жазады. Ресейлік әскер контингенті кейбіреулер айтып жүрген шамадан әлдеқайда көп әрі жақсы қаруланғанын айтқан Фредерик Плейтген «бұл армияның Сириядан жақын арада шығатын түрі байқалмайды» дейді.

Наурыздың ортасында Кремль Сириядан өз әскери контингентінің үлкен бөлігін алып шығатыны туралы мәлімдеген. Бірақ, Батыстағы дерек көздерінің хабарлауынша, Сириядан 20-ға жуық ұшақ Ресейге оралған. Ресми мәлімет бойынша, былтыр қазанда Сирия жерінде ресейлік 34 әскери ұшақ болған.

XS
SM
MD
LG