Accessibility links

2015 жылы әлемде өз елінде босып кеткендер саны көбейді


Түркиядағы сириялық босқындар.

Түркиядағы сириялық босқындар.

Әлемде 2015 жылы соғыс пен қақтығыстар салдарынан баспанасынан айырылып, өз елдері ішінде босып кеткен адам саны 40,8 миллионды құрап, бұрын-соңды болмаған межеге жетті.

"Бұл - бұған дейін тіркелген көрсеткіштен көп және әлемдегі басқа елдерге кеткен босқындар санынан екі есе артық" деді Норвегия босқындар кеңесінің басшысы, Женевада орналасқан Ішкі көші-қонға мониторинг жасау орталығы дайындаған баяндама авторларының бірі Жан Ягланд.

2015 жылы жаңадан баспанасынан айырылған 8,6 миллион адам тіркелген. Оның 4,8 миллионы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің азаматтары.

"Баспанасынан айырылғандар 2010 жылы басталған "араб көктемінен" кейін және "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы пайда болған соң көбейді" делінген баяндамада. Баспанасынан айырылып, босып кеткендердің жартысынан көбі Иемен, Сирия және Ирак азаматтары.

Таяу Шығыстан кейінгі халқы босып жүрген елдер арасында Ауғанстан, Орталық Африка Республикасы, Колумбия, Конго, Нигерия, Оңтүстік Судан және Украина тұр.

Баяндамада бұған қоса 2015 жылы 19,2 миллион адам түрлі табиғи апаттардан үй-күйінен айырылғанын айтады. Халқы табиғи апаттардан ең көп зардап шегіп, үйінен айырылғандар қатарында Үндістан (3,7 миллион адам), Қытай (3,6 миллион) және Непал (2,6 миллион) адам бар.

XS
SM
MD
LG