Accessibility links

"Nakanune.kz ісі": "Тапсырыс беруші" айыпты ішінара мойындады


Гузяль Байдалинова сотта отыр. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.
Гузяль Байдалинова сотта отыр. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотында оппозициялық Nakanune.kz сайтында "көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" ісі бойынша өтіп жатқан сотта айыпталушылар Тайыр Қалдыбаев пен Гузяль Байдалинова сұралды. Сотқа судья Нариман Бегалиев төрағалық етіп жатыр.

Жауап беру кезінде Тайыр Қалдыбаев 2014 жылы "Республика" порталында және Nakanune.kz сайтында жарияланған, айыптаушылар "Казкоммерцбанк" беделіне нұқсан келтірді деп санайтын алты мақалаға тапсырыс бергенін айтты. Ол өз әрекетіне "Казкоммерцбанкпен" жеке қарым-қатынасының нашарлығы түрткі болды дейді. Қалдыбаевтың сөзінше, ол бес мақаланың желісін түзіп, оларды "Деловая неделя" газетінің редакторы Махамбет Әуезовке беріп отырған. Ол мақаланы дайындау мен оған тақырып қоюға өзі араласпағанын айтады.

Қалдыбаев әрбір жарияланған мақала үшін алты мың доллардан төледім дейді. Ол бұл мақалаларының "Республика" порталында жариялануын ұйымдастыруға тікелей қатысы барын жоққа шығарады. Ол өзіне тағылған айыпты ішінара мойындайды.

Гузяль Байдалинова сотта өзінің танысы алматылық журналист Анатолий Иванов өзіне бірнеше рет жұмысына әлдебір құжаттар салынған пакеттер әкелгенін, оны журналистің өтініші бойынша "Республика" порталының негізін салушы, шетелде тұратын Ирина Петрушоваға беріп жібергенін айтты. Оның сөзінше, ол пакеттерді ашпаған және оның қандай құжаттар екенін білмейді. Байдалинова өзін тек пакеттерді жеткізіп бергені үшін кінәлі деп санайтынын, бірақ мұнда қылмыс жоғын айтады.

Бұл іс бойынша бұған дейін алматылық журналистер Рафаэль Балгин мен Махамбет Әуезов те күдікке ілінген. Балгин желтоқсан айында қамалып, 11 қаңтарда босатылған. Босаған күннің ертесі Балгин Әуезовпен бірге "өкініш білдірген" баспасөз конференциясын өткізген. Сот процесіне олар куәгер ретінде қатысып жатыр. Куәгерлер қатарында алматылық журналистер Назира Дәрімбет пен Анатолий Иванов та бар. Олардан бүгін түстен кейін жауап алынуы мүмкін.

Байдалинованың ісі жайлы Еуропа парламентінің 10 наурызда жарияланған қарарында айтылған. Еуропа парламентінің 156 депутаты мен жеті фракциясы Қазақстан билігін журналистерді қудалауды тоқтатуға тәуелсіз ақпарат құралдарына қарсы қуғын мен сот істерін доғаруға шақырған құжатқа қол қойған.

XS
SM
MD
LG