Accessibility links

Сот Байдалинованы кепілге тағы босатпады


Гузяль Байдалинова сотта отыр. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.

Гузяль Байдалинова сотта отыр. Алматы, 13 мамыр 2016 жыл.

Алматыда өтіп жатқан "Казкоммерцбанкке" қатысты "көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" ісіне қатысты сот процесінде айыпталушылардың адвокаттары сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш берді. Адвокаттар айыпталушылар - оппозициялық Nakanune.kz сайтының иесі әрі редакторы Гузяль Байдалинова мен кәсіпкер Тайыр Қалдыбаевты қамаудан кепілге босатуды сұрады. Адвокаттар өтінішінде Байдалинова мен Қалдыбаев Алматыда тұрақты тұратынын, кепілге жылжымайтын мүлік қоятынын, денсаулықтарының нашарлағанын және созылмалы сырқат екенін айтқан.

Айыптаушы жақ айыпталушылар қашып кетуі мүмкін деп, өтінішке қарсылық білдірді. Сотқа жәбірленуші тарап ретінде тартылған "Казкоммерцбанк" өкілдері де айып тағылғандарды босатуға қарсы болды.

Судья Нариман Бегалиев тараптардың уәжін тыңдап адвокаттардың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

Байдалинова мен Қалдыбаев өткен жылдың желтоқсанынан бері қамауда отыр. Іс материалы бойынша, Қалдыбаев "Республика" порталы мен Nakanune.kz сайтында жарияланған, "Казкоммерцбанктің" беделіне нұқсан келтірді делінген мақалаларға тапсырыс берген. Бүгінгі сотта Қалдыбаев айыпты ішінара мойындайтынын мәлімдеген.

Байдалинова "тапсырыспен мақала жариялауға" қатысы барын жоққа шығарады. Бүгін сотта ол таныс журналистің редакцияға әкеліп берген пакеттерін шетелде тұратын журналист, "Республика" порталының негізін салушы Ирина Петрушоваға беріп жібергенін айтты. Байдалинованың сөзінше, ол пакетті "ашпаған" және "онда не барын білмейді".

Байдалинованың ісі жайлы Еуропа парламентінің 10 наурызда жарияланған қарарында айтылған. Еуропа парламентінің 156 депутаты мен жеті фракциясы Қазақстан билігін журналистерді қудалауды тоқтатуға тәуелсіз ақпарат құралдарына қарсы қуғын мен сот істерін доғаруға шақырған құжатқа қол қойған.

XS
SM
MD
LG