Accessibility links

Ресей спорт министрі допингпен ұсталған атлеттер үшін кешірім сұрады


Ресей спорт министрі Виталий Мутко.

Ресей спорт министрі Виталий Мутко.

Ресейдің спорт министрі Виталий Мутко тыйым салынған препараттарды тұтынғаны әшкереленген ресейлік спортшылар үшін кешірім сұрады. Британдық The Sunday Times басылымында жариялаған мақаласында Мутко Ресей өз спортын «таза әрі адал» етіп жасауға ұмтылады деп мәлімдеген.

«Бізді де, бүкіл әлемді де алдамақшы болған атлеттердің (ереже бұзғаны үшін) ертерек ұсталмағаны үшін кешірім сұраймыз» деп жазған ол. Министрдің сөзінше, бүкілресейлік жеңіл атлетика федерациясының Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары ассоциациясына мүшелігінің тоқтатылуына негіз болған себеп құжат жүзінде «бұлтартпайтындай» етіп дәлелденген. Мутко атлеттер және бапкерлермен бірге федерация басшылығы да елеулі кемшіліктерге жол бергенін атап өткен.

The Sunday Times басылымы министр Ресей билігінің қазіргі заманда әлемдегі ең үлкен допинг жанжалдарының біріне қатысы туралы айтып отырмағанына назар аударған. Бұл жанжал осы аптада америкалық The New York Times басылымында ресейлік ондаған спортшының, солардың арасында Сочи олимпиадасы жүлдегері атанғандардың да допинг пайдаланғаны туралы мақала жарияланған соң қайта жаңғырған. Мақалада ресейлік спортшылардың өз Отанындағы Олимпиада ойындарында жеңіске жетуін қамтамасыз ету мақсатында бірнеше жыл бойы тыңғылықты жоспарланып, мемлекет тарапынан басқарылған әлдебір «допинг бағдарламасы» болғаны айтылған. Виталий Мутко мақалада айтылған жайтты «мағынасыз» деп атап, бұл ресейлік спортшыларға қарсы «ақпараттық соғыстың» бір бөлігі деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG