Accessibility links

Баку мен Ереван оқ атпау келісімін бұзды деп бір-бірін айыптады


Әзербайжанмен шекарадағы бекетте тұрған армян сарбазы. (Көрнекі сурет.)

Әзербайжанмен шекарадағы бекетте тұрған армян сарбазы. (Көрнекі сурет.)

Армения тарапы өткен тәулік ішінде оқ атпау туралы келісімін кемінде 120 рет бұзды деп мәлімдеді Әзербайжан қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі. Баку армениялық әскерилердің ірі калибрлі пулеметтерден атқылағаны туралы айтады.

Бұған дейін Армения қорғаныс министрлігі жексенбіге қараған түні Әзербайжан әскерилері Армения мемлекеттік шекарасының солтүстік-шығыс бөлігін атқылады деп мәлімдеген. Ереванның хабарлауынша, келісім-шарт бойынша қызмет атқарып жүрген армян сарбазы Әзербайжан жағы атқан мерген оғынан өлімші болып жараланған.

Өзін өзі жариялап алған Таулы Қарабақ республикасында биыл сәуірдің 2-іне қараған түні жағдай күрт шиеленісіп, қарсылас екі жақтың арасында қарулы қақтығыс болған еді. Оқиға салдарынан ондаған адамның қаза тапқаны хабарланған. Сәуірдің 5-і күні тараптар атысты тоқтату туралы өзара бітімге келгенін жариялаған. Жанжалға қатысқан екі жақ содан бері бітімді бұзды деп арагідік бір-бірін айыптайды.

XS
SM
MD
LG