Accessibility links

"Ажарқұлованың ісінде" куәгерлерден жауап алып жатыр


Алаяқтық бабы бойынша айыпталған Қыздығой Ажарқұлова (ортада). Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.
Алаяқтық бабы бойынша айыпталған Қыздығой Ажарқұлова (ортада). Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.

Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында өтіп жатқан «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша айыпталып жатқан Қыздығой Ажарқұлованың кезекті сот отырысында айыптаушы жақтың куәгерлері тыңдалып жатыр.

Өткен сот отырыстарында Қыздығой Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева судья Мадияр Әбдірасиловтан жәбірленушілер мен екі жақтың куәгерлері толық қатысуын сұрап, судья прокуратураға бұл міндетті жүктеген еді. Бірақ бұл жолғы отырысқа жәбірленушілер толық келмеді. Гүлнәр Жуаспаева өткен сот отырысында өз сөзін дәлелдеу үшін тиісті құжаттарын әкелуге уәде еткен жәбірленушілердің сот отырысына тағы келмей қалғанын айтты. Судья Мадияр Әбдірасилов жәбірленушілердің неліктен сот отырысына келмегенін анықтауды прокуратураға тағы тапсырды. Бұдан соң тыңдалмаған жәбірленушілердің келмеуіне байланысты айыптау жағының куәгерлерінен жауап алына бастады.

Екі сағатқа созылған сот отырысында үш куәгерден жауап алынды. Прокурор Амантаев куәгерлерден Қыздығой Ажарқұловамен қашан және қандай жағдайда тынысқанын сұрады. Ал іс бойынша тергеуші айыптаушы жақтың куәгері деп таныған Света Қадырқожаеваны тыңдамастан бұрын адвокат Гүлнәр Жуаспаева судьяға талап тілек айтты.

Адвокаттың сөзінше, тергеу кезінде Қыздығой Ажарқұлованы жақтаушы куәгерлердің куәлік етуге шақыртылмауын сұрап тергеушіге бірнеше рет хат жазылған. Алайда белгісіз себептермен жақтаушы жақтың куәгері Света Қадырқожаева тергеуге шақырылған.

«Алдын ала ескертуіме қарамастан жақтаушы жақтың куәгері Света Қадырқожаеваны тергеуші шақырып алып, 4 сағат бойы тергеу амалдарын жүргізген. Іске оны айыптаушы жақтың куәгері ретінде тіркеген. Бұл туралы бас прокуратураға жедел хат жібергенмін. Прокуратура хатты қарау үшін ішкі істер департаменті ішкі қауіпсіздік қызметіне хат жолдағанымен, бүгінге дейін хабар жоқ» деді Гүлнәр Жуаспаева.

Света Қадырқожаеваны істе қай жақтың куәгері болатынын судья тустен кейін сағат 15:00-де өтетін сот отырысында анықтайтынын айтты. Түске дейін сұралмаған екі банктің өкілінен де жауап осы уақытта алынатыны хабарланды.

Ажарқұлованың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 12 сәуірде өткен.

Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің Азаттық сауалына ақпанда берген жауабында «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Нәтижесінде шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жазылған.

XS
SM
MD
LG