Accessibility links

«Бірінші арнаны» айтқанда қырғиқабақ соғысты да еске алды


Қазақстанның бірінші арнасының «митингке қатысқандарға ақша беру дәлелі» жайлы сюжетінен көрініс.
Қазақстанның бірінші арнасының «митингке қатысқандарға ақша беру дәлелі» жайлы сюжетінен көрініс.

Қарағандылық азамат «митингіге шыққандарға ақша төленгенін» бірнеше рет хабарлаған телеарнаны сотқа берді. Сарапшылар қазақстандық көрермендердің БАҚ-қа сын көзімен қарайтынын айтады.

Қарағандылық адвокат Нұрхан Жұмабеков «Қазақстанның бірінші арнасы» («Первый канал Казахстана») телеарнасы қарайтын «Еуразия+ОРТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін сотқа берді. Нұрхан Жұмабеков бұл шағымына телеарнаның жүргізушісі Аймира Шәукентаеваның «жер мәселесі бойынша митингілерге қатысқан адамдарға ақша төленгені» жайлы эфирден таратқан сөзі себеп болғанын айтады. Адвокат компаниядан моральдық шығын ретінде 100 мың теңге өндіріп беруді талап еткен.

Белсенді «Бірінші арнаны» сотқа берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:16 0:00
Жүктеп алу

– Митингке шыққан адамдарға теледидар арқылы топырақ шашып жатқанына қынжыламын. Шәукентаеваның сөзінше, азаматтар тек жасанды түрде ғана наразылықтарын көрсете алады екен, – дейді Нұрхан Жұмабеков Азаттық тілшісіне.

Нұрхан Жұмабековтің бұл телеарна иесіне қарсы шағым бергенін Алматы қаласы Бостандық ауданының азаматтық істер бойынша соты растады.

– Бүгін Нұрхан Жұмабековтен «Еуразия+ОРТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарсы шағым түсті. Оны судья Татьяна Черныш қарайды. Шағым бес жұмыс күні ішінде қаралады, – деді сот өкілі Саят Серіков.

«Қазақстанның бірінші арнасы» бұған қатысты сауалға «телеарнаның баспасөз қызметінің жетекшісі Светлана Пенкова ғана жауап беретініні» айтты. Алайда Азаттық тілшісі Светлана Пенковаға бірнеше рет хабарласқанымен, ол кісі телефон тұтқасын көтермеді.

«Қазақстанның бірінші арнасы» жүргізушісі 2016 жылы 30 сәуір күнгі эфирде «рұқсат етілмеген митингіге келген әрбір адамға ұйымдастырушылар, яғни жоғарыдағы бесінші колонна 50-150 доллар аралығында ақша төлеген» деп мәлімдеген. Бұл телеарна өткен аптада бет-жүздері көрсетілмеген адамдардың бір-біріне ақша беріп жатқаны түсірілген видеоны көрсетіп, оны «митингіге қатысқандарға ақша беру дәлелі» ретінде түсіндірген.

«ҚЫРҒИҚАБАҚ СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ РИТОРИКА»

«Қазақстанның бірінші арнасының» жер мәселесі бойынша митингіге шыққандарға «ақша берілетіні» туралы хабары осыған дейін әлеуметтік желілерде де жиі талқыланып, сынға іліккен.

Журналист Асылбек Абдулов бұл телеарнаны қарағандылық адвокаттың сотқа беруін «сол қоғамдық көңіл-күйдің көрінісі» ретінде бағалайды.

Әлеуметтік желілердегі реакцияларға қарасаңыз, жер мәселесі бойынша митингіге шыққандарға айып тағу орынсыз екені байқалды.

– Әлеуметтік желілердегі реакцияларға қарасаңыз, жер мәселесі бойынша митингіге шыққандарға айып тағу орынсыз екені байқалды. Соңғы картина ресейлік мемлекеттік арналардағы тенденциялармен толығымен сай келеді. Өзіне ұнамағанды Батыстан көретін баяғы қырғиқабақ соғыс кезіндегі риториканы жалғастырып отырған Ресей телеарналарының көшірмесіне ұқсас, – дейді ол.

Асылбек Абдулов «билік пен қоғам арасында қатынас орнататын жөні түзу телеарна құру орнына өзіне ұнамаған жайтқа әлдебір қастандық ретінде қарайтыны байқалатынын» айтады.

– 1990 жылдары постсоветтік республикаларда журналистика шын мәнінде журналистикаға айналуға қадам жасап еді. Бірақ соңғы тенденциялар журналистиканы бастапқы орнына қайта келгендей көрсетеді. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс кезінде ресейлік ақпарат құралдары журналистиканың кәсіби принциптерін астаң-кестең етті, – дейді ол.

Ал саясаттанушы Талғат Қалиевтің сөзінше, «Қазақстан аудиториясында ақпарат құралдарына сын көзбен қарау басым». Ол «Қазақстанның бірінші арнасының» «митингіге келгендерге ақша тарату» жайлы сюжеттері нанымсыз шыққан деп біледі.

Мұндай арзан тәсілдер бізде өтпейді. Оны митингіні қолдамайтындардың өзі қабылдай алмай отыр.

– Сондықтан мұндай арзан тәсілдер бізде өтпейді. Оны митингіні қолдамайтындардың өзі қабылдай алмай отыр. Мұндай сапасыз қойылымға тапсырыс берушінің өзі қанағаттанбаған шығар. Телеарнаның 80 пайыз акциясы Қазақстанға тиесілі болғанымен, менеджментті толығымен Қазақстан қаржыландырады. Ресейлік телеарналарды шектеп, шынайы журналистік стандарттарды орнықтыру керек, – дейді Талғат Қалиев.

Сарапшылар «қоғам мемлекеттік телеарналардың «сендіруге» бағытталған материалдарына біршама үйренсе де, қазіргідей ашық ақпарат кезеңінде көрерменді көпе-көрінеу алдау мүмкін емес» деп біледі.

Қазақстанның түрлі аймақтарында сәуір айының соңында және мамыр айының басында жер мәселесі бойынша митингілер өткен. Оған қатысқандар жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсы болған. Бұл наразылықтардан кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі жұрт қарсы болған өзгерістердің күшіне енуіне 2016 жылдың соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы жөнінде комиссия құруды бұйырған. Ол комиссияның алғашқы отырысы мамырдың 14-інде өткен.

XS
SM
MD
LG