Accessibility links

ЖСДП Назарбаевты "офшор мәселесіне" баға беруге шақырды


Жармахан Тұяқбай, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партия төрағасы.

Жармахан Тұяқбай, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партия төрағасы.

Өзін оппозиция санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) Қазақстан президенті Нқрсұлтан Назарбаевты "офшор мәселесіне" көпшілік алдында баға беруге шақырды. Бұл жайында партия сайтында 16 мамырда жарияланған "батыл шаралар" жайлы мәлімдемеде айтылады. ЖСДП мәлімдемесінде "офшорлық экономиканы жою" қажеттігі де айтылады.

Бір аптадай уақыт бұрын Халықаралық журналистік зерттеу орталығы (ICIJ) интернетке салынған, "Панама мұрағаттары" деп аталған офшорлық есепшоттар туралы құжаттарға кіруге рұқсат еткен. Онда жоғары шенді мемлекеттік тұлғалардың, оның ішінде қазақстандық бірқатар шенеуніктің де аты-жөні бар. Бұл құжаттарда Қазақстан президентінің қызы Дариға Назарбаева мен жиені Нұрәлі Әлиевтің аты-жөніне сай келетін "Dariga N.Nazarbayeva", "Nurali Aliyev" деген атаумен офшор иелері де бар.

Партия мәлімдемесінде осындай жағдайда Қазақстан билігінің коррупциямен күрес және "оңтайландырылған" шешім туралы мәлімдемелері мен бастамалары тым "арсыз және әлеуметтік дау тудыратын сипатқа" ие болатыны айтылады. ЖСДП бұл халықтың билікке деген "сыни межеге жеткен сенімсіздігін" күшейтеді дейді. ЖСДП көп жылдар бойы офшорсыздандыру шараларына қатысты нақты ұсыныстар айтқанын, бірақ билік оны "тыңдамағанын" айтады.

Партия "Панама мұрағаттарында" қазақстандық шенеуніктердің тегі аталғанына байланысты Қазақстан бас прокуратурасын қазақстандық шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың және "елден қаржы жылыстату арнасы" болатын компаниялар қызметкерлерінің есепшоттарын тексеруге шақырады. ЖСДП бұған қоса шикізат экспорттайтын компнаияларға Қазақстан территориясынан тыс жерде келісім жасап, оны тіркеуге заңмен тыйым салуға да шақырады.

200 мыңнан астам офшорлық компнаия туралы ақпараты бар "Панама мұрағаттары" Offshoreleaks.icij.org сайтына ашық көрілімге шыққан. Онда панамалық Mossack Fonseca заң компаниясының миллиондаған құжатынан үзінділер салынған. Сайтта Қазақстаннан офшорлық аймақтарға қатысы бар деген 260 жеке тұлға, он шақты компания, жеті делдал мен 243 заңды мекенжайдың тізімі бар.

Қазақстан бас прокуратурасы бұған дейін "Панама құжаттары" бойынша тергеу жүргізбейтінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG