Accessibility links

"Ажарқұлова ісінде" жәбірленушілерді азайтуды сұрады


Алаяқтық бабы бойынша айыпталған Қыздығой Ажарқұлова. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.

Алаяқтық бабы бойынша айыпталған Қыздығой Ажарқұлова. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.

Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында өтіп жатқан «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша айыпталып жатқан Қыздығой Ажарқұлованың кезекті сот отырысында адвокат Гүлнәр Жуаспаева соттан төрт жәбірленушінің қысқартылуын сұрады.

Бүгінгі сот отырысына екі жақтың куәгерлерімен бірге алты жәбірленуші қатысып жатыр. Прокурор Амантаевтың сот отырысында айтуынша, бір жәбірленуші белгілі себептермен келе алмайтынын хабарлаған. Ал екінші жәбірленушінің сот отырысына не себепті келмегені белгісіз.

- Заң бойынша барлық жәбірленушілер сот отырысына қатысуға міндетті. Тек өте маңызды жағдайда ғана сотқа ескерткен кезде жәбірленушілер сот отырысынан босатылады, - деп ескертті прокурорға судья Мадияр Әбдірасилов.

Екі сағаттық сот отырысында төрт жәбірленушінің дәлелдеме ретінде ұсынған түбіртегі талқыланып, өткен сот отырысында келмей қалған бір жәбірленуші тыңдалды.

Жәбірленушілер сұралып болған соң адвокат Гүлнәр Жуаспаева судьядан «сот отырысында ешбір дәлел ұсына алмаған төрт жәбірленушіні жәбірленуші ретінде танымауды, бұл туралы тергеу амалдары кезінде де Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне айыпталушымен бірге хат жолдағанын» сұрап талап-тілек тастады. Айыпталушының адвокатының бұл талап-тілегіне прокурор Амантаев өз қарсылығын білдірді.

- Хатқа өткен аптада жауап жолданған. Бұл мәселені сот отырысында шешу ұсынылған, - деді прокурор.

Судья прокурорға жауап хатты келесі сот отырысына алып келуді, бұл талап-тілек сол кезде қаралатынын айтты.

Содан кейін жақтаушы жақтың куәгерлері тыңдала бастады. Судья куәгерлерді тыңдау тустен кейін сағат 15:30-да жалғасатын айтты.

Ажарқұлованың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 12 сәуірде өткен.

Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің Азаттық сауалына ақпанда берген жауабында «Үйімізді қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Нәтижесінде шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жазылған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG