Accessibility links

Оралдық белсенді Есентаев 3 күнге тұтқындалды


Азаматтық белсенді Жанат Есентаевt. Орал, 9 қараша 2015 жыл.

Азаматтық белсенді Жанат Есентаевt. Орал, 9 қараша 2015 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы азаматтық белсенді Жанат Есентаев қылмыстық кодекстің 174-бабы ("араздық қоздыру") бойынша айыпталып, сотқа дейінгі тергеу шарасы аясында 3 күнге тұтқындалды деп хабарлады оның адвокатыЛариса Симоненко.

Орал қаласында мамырдың 16-сы күні белсенділер Жанат Есентаев пен Исатай Өтеповті полиция тергеп, мамырдың 17-сіне ауған түні жергілікті «Абырой» қоғамдық бірлестігі кеңсесінде тінту жүргізген. Олардың үйлері мен кеңселерін тінтіп, телефондары мен компьютерлерін алып кеткен.

Кейін Исатай Өтеповтің босатылғаны хабарланған. Исатай Өтеповтің айтуынша, белсенділерге қатысты істі қозғауға WhatsApp мессенджерінен алынған скриншоттың - «Жанат» пен «Исатай» атты аккаунттардың мамырдың 21-і күні митингіге шығу және тәртіпсіздік ұйымдастыру туралы әңгімесі себеп болған. Белсенділер ол жазбаларға қатысы жоғын айтқан.

Белсенділер 27 сәуірде Орал қаласы әкімшілігіне "жер мәселесі бойынша митинг өткізу үшін 21 мамырда орталық алаңнан орын беріңдер" деген өтініш жазған. Әкімдік 14 мамырда өтінішті орындаудан бас тартқан.

Астанада және аймақтарда полиция әлденеше азаматты ұстап, үйлері мен кейбір қоғамдық ұйым кеңсесінде тінту жүргізіп жатқаны хабарланды.

Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы,Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, 5 мамырда жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне осы жылдың соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойынша комиссия құруды бұйырған.

Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы мамырдың 14-і күні өтті.

XS
SM
MD
LG