Accessibility links

Алматыда 5 белсендіні "сотқа апара жатқаны" хабарланды


Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзін және тағы бірнеше азаматты полицейлер ұстап, Алматы қаласы Алмалы ауданаралық әкімшілік сотына апара жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, ұсталған азаматтарды әкімшілік жазаға тартпақ.

«Мені 488-бап, яғни "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру" бабы бойынша айыптап отыр. Менімен бірге полиция көлігінде отырған Геройхан Қыстаубаевқа "бұзақылық" бабы бойынша айып таққан, ал Алтын Әділова, Сүйіндік Алдабергенов пен Құрал Исмановтарға 488-бап бойынша айып тағып жатыр» деді Бақытжан Төреғожина Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Ол Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің өздерін ұстау барысында құқықтарын бұзғанын, ешқандай адвокат бермегенін, ұстау туралы хаттамамен танысуларына мүмкіндік жасамағандарын айтады.

Азаттық тілшісі бұл оқиға жайлы Алмалы ауданаралық сотынан да, Алмалы ауданының ішкі істер басқармасынан да жауап ала алмады.

Кешеден бері Алматыда ғана емес, Астанада және аймақтарда да полиция әлденеше азаматты ұстап, олардың үйлерін, кейбір қоғамдық ұйым кеңсесін тінтіп жатқаны хабарланды.

Мұндай оқиғалар 21 мамыр - "жер дауына қатысты ел бойынша митинг өтеді" деп бір айдай уақыт бұрын хабарланған күн қарсаңында болып жатыр.

Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы,Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, 5 мамырда жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне осы жылдың соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойынша комиссия құруды бұйырған.

Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы мамырдың 14-і күні өткен.

XS
SM
MD
LG