Accessibility links

Атырауда белсенді Талғат Аян 15 тәулікке қамалды


Азаматтық белсенді Талғат Аян ауыл шаруашылығы жерін сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсы митингіде тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Талғат Аян ауыл шаруашылығы жерін сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсы митингіде тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Атырау облыстық мамандандырылған әкімшілік соты азаматтық белсенді Талғат Аянды рұқсат етілмеген митинг өткізуге заңсыз шақырды деп айыптап, 15 тәулікке қамады. Оның адвокаты Төлепқали Аянов әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасының дәлелсіз жасалғанын айтады.

Мамырдың 17- сі күні кешкі сағат 19.30-дан түнгі 2-ге дейін созылған сот процессі ашық болғанымен оған ешкім кіргізілмеді. Сотқа келген Азаттық тілшісіне соттың қауіпсіздік қызметі кешкі сағат 20-ден соң сот ғимаратының жабық болатынын, оған ешкімді кіргізуге болмайтынын айтты.

Талғат Аянмен бірге азаматтық белсенді Макс Боқаев та "рұқсат етілмеген митинг өткізуге заңсыз шақырды" деген айыппен 15 тәулікке қамалған. Оны бірден полиция көлігіне отырғызып, уақытша қамау изоляторына алып кетті.

Төлепқали Аяновтың айтуынша сот процессі ашық деп жарияланғанымен, сот қоршаулары кілттеліп, оған күзет қойылып, келген туыстарының қатысуына мүмкіндік берілмеді.

Адвокат сот шешіміне шағымданатынын, оған үш күн уақыт барын айтады.

Макс Боқаев пен Талғат Аян - Атырау қаласында 24 сәуірде жерді сату мен шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы өткен ең ірі наразылық митингісінің белсенділері. Осы митингте Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев көпшілік алдында Макс Боқаевтың талабына жауап беріп тұрып, "наразылық акциясын ұйымдастырушылардың қудаланбайтынына" уәде берген еді. Кейін Макс Боқаев жер реформасы жөніндегі қайта құрылған республикалық комиссияға мүшелікке енгізілген, бірақ ол бірқатар талап қойып, оған қатысудан бас тартқан.

16 мамырдан бері Қазақстанның бірнеше қаласында "21 мамыр күні жер мәселесіне қатысты өтеді" делінген митингіге байланысты бірқатар азаматтық белсенді ұсталып, әкімшілік жауапкершілкке тартылды.

Сәуірдің соңы мен мамырдың басында Қазақстанның бірқатар өңірлерінде ауыл шаруашылығы жерлерін жекешелендіруге және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге мүмкіндік беретін жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты наразылық шерулері өткен.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, 5 мамырда жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне осы жылдың соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойынша комиссия құруды бұйырған.

Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы мамырдың 14-і күні өткен.

XS
SM
MD
LG