Accessibility links

ЖСДП: Билік қуғынды тоқтатып, митингіге рұқсат берсін


Жармахан Тұяқбай, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партия төрағасы.
Жармахан Тұяқбай, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партия төрағасы.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына үндеу жолдап, соңғы күндерде қамалып жатқан белсенділерді босатып, қудалауды тоқтатуға және 21 мамырда мамырда бейбіт митинг өткізуге рұқсат беруге шақырды.

ЖСДП-ның 18 мамырда таратқан мәлімдемесінде Қазақстанда азаматтардың конституциямен белгіленген бейбіт жиын өткізу және сөз бостандығы құқығы бұзылып жатқаны айтылады.

"Сіз тағайындаған әкімдер барлық жерде бейбіт жиын өткізуге рұқсат бермей, конституцияны бұзып отыр. Сіз тағайындаған құқық қорғау органдары басшылары мен соттар қоғамдық, азаматтық белсенділер мен бірқатар қазақстандыққа қатысты саяси зорлық пен құқықтық бассыздық көрсетіп отыр" дейді ЖСДП үндеуінде. Партия ұйғарымынша, әлеуметтік шиеленіс пен қоғамның мұндай билікке сенімсіздігі күшейіп тұрған тұста азаматтардың қарапайым құқығын бұза беру қауіпті, айтып болмайтын салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін.

ЖСДП осыған байланысты Қазақстанда әкімшілік қамауға алынғандар дереу босатылып, қуындау, қамау мен басқа да қысымдар тоқтатылуы тиіс дейді.

Қазақстанда белсенділер жер кодексіне енгізілген жерді сату және шетелдіктерге жалға беруге қарсы жаппай митингке шақырған 21 мамыр жақындаған сайын Қазақстанда азаматтарды қамауға алу жиілеген. Мамырдың 17-інен бері Қазақстанның түрлі өңірінде шамамен 12 адам қамауға алынған. Алматыда кемінде бес адам он бес тәулікке қамалған. Олардың арасында құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина да бар. Астанада белсенді Мақсат Ілиясұлы 10 тәулікке қамалды. Оралда бард әншісі және азаматтық белсенді Жанат Есентаев үш тәулікке қамалған. Ол қылмыстық кодекстің 174-ші бап яғни «әлеуметтік араздық қоздыру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша қамауға алынды. Атырауда сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян әкімшілік қамауға алынған.

Бұған қоса әлеуметтік желілерде көптеген қолданушылар полиция мен прокуратурадан шақырту алғандарын жазып жатыр.

XS
SM
MD
LG