Accessibility links

Жаңаөзендік мұнайшыны прокуратураға шақыртты


Нұрлыбек Нұрғалиев, «ӨзенМұнайГаз» компаниясының бұрғылау жұмыстарын басқару мекемесінің мұнайшысы.

Нұрлыбек Нұрғалиев, «ӨзенМұнайГаз» компаниясының бұрғылау жұмыстарын басқару мекемесінің мұнайшысы.

«ӨзенМұнайГаз» компаниясының бұрғылау жұмыстарын басқару мекемесінің мұнайшысы Нұрлыбек Нұрғалиев Азаттыққа мамырдың 18-і күні Жаңаөзен қалалық прокуратурасына шақырту алғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, өзімен кездескен Жаңаөзен қаласы прокуроры Ербол Қызымбаев 21 мамыр күні митингке шықпауы керегін ескертіп, сол туралы қағазға қол қоюды сұраған.

- Мен қол қоюдан бас тарттым. Митингке шығатынымды, ол менің құқым екенін айттым, - дейді Нұрлыбек Нұрғалиев.

Нұрлыбек Нұрғалиев - Жаңаөзен оқиғасы кезінде оқ тиіп жарақаттанғандардың бірі. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы орталық алаңға мамырдың 1-і күні жиналған бір топ тұрғын «жер сатылмасын, жалға берілмесін» деген талаптарын айтқан еді. Сол кезде бірнеше жаңаөзендік белсендіні полиция тұтқындап алып кеткенімен, кейін жиналғандар талабымен бірден босатқан еді.

Қала әкімі Елубай Әбілов жиынның "заңсыз" екенін айтып, тұрғындарды тарауға шақырған. Жиналғандар 21 мамырда жиын өткіземіз деген соң, әкім "жазбаша өтініш беріңдер, қарастырамыз" деген.

15 мамырдан бері Қазақстанның бірнеше қаласында билік 21 мамыр күні «жер мәселесіне» қатысты митингке шақыру мүмкін деп күдіктенген бірақтар азаматтық беленді ұсталып, әкімшілк жауапкершілікке тартылған.

Сәуірдің соңы мен мамырдың басында Қазақстанның бірқатар өңірінде ауылшаруашылығы жерлерін жекешелендіруге және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге мүмкіндік беретін жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты наразылық шерулері өткен. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл өзгертулерге 5 мамырда мораторий жариялаған.

XS
SM
MD
LG