Accessibility links

Заңгер Азаттық тілшісінің құқығы шектелгенін айтты


Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Исаға берілген прокуратура шақыртуының фотокөшірмесі. Шымкент, 18 мамыр 2016 жыл.

Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Исаға берілген прокуратура шақыртуының фотокөшірмесі. Шымкент, 18 мамыр 2016 жыл.

Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Исаға осы облыстың Еңбекші аудандық прокуратурасы 18 мамыр күні алдын ала ескерту тапсырып, "рұқсат етілмеген жиынға қатысудың заңсыздығы мен жауапкершілікке тартылу мүмкіндігі" туралы құлақтандырды.

Аудан прокуроры қол қойған ескертуде Шымкент қаласының билігі 21 мамыр күні қандай да бір митинг өткізуге рұқсат бермегені туралы жазылған. Қазақстанның әлеуметтік желілерінде кейбір белсенділер дәл осы күні барлық аймақтарда "үкіметтің жер реформасына қатысты" жиын өткізуге шақырған.

Сәрсенбі күні прокуратурада болған әңгіме кезінде прокурор Азаттық тілшісінен егер митинг бола қалса, оған баратын-бармайтынын сұраған. Дилара Иса жиын өтсе, ол туралы жазатын кәсіби журналист ретінде міндетін атқару үшін оқиға орнына баратынын айтқан. Соған қарамастан прокурор Азаттық тілшісіне "жеке тұлға" ретінде алдын ала ескерту хатын табыс еткен.

Адвокат Гүлнәр Жуаспаева Азаттыққа берген комментарийінде Еңбекші аудандық прокуратурасының бұл әрекеті заңға қайшы екенін, журналистің кәсіби қызметін атқаруға кедергі жасауға жататынын айтты. Адвокаттың сөзінше, тілші Оңтүстік Қазақстан облыстық немесе жергілікті аудандық прокуратураның үстінен сотқа арыз түсіруге хақылы.

Дилара Исаны 18 мамыр күні сағат 15.00-ге Еңбекші аудандық прокуратурасына шақыртқан. Хатты өзін "учаскелік полиция инспекторы Еркін Балабаев" деп таныстырған полицей жеткізген.

Хатта прокуратураға бару міндетті екені, "егер талапқа бағынбай, себепсіз келмеген жағдайда еріксіз түрде алдырумен қатар әкімшілік және қылмыстық жауаптылық туындайтыны" ескертілген.

Дилара Исаның Шымкент қаласындағы үйіне бұған дейін, 17 мамыр түнгі 22.30 шамасында өздерін "Еңбекші аудандық учаскелік полиция инспекторларымыз" деп таныстырған екі адам келіп, ертең таңертең прокуратураға шақырылуы мүмкін екенін ескертіп кеткен еді.

Дилара Иса Оңтүстік Қазақстанда болған жер даулары мен үкіметтің жер реформасына наразы белсенділер туралы репортаждар әзірлеген. Соңғы күндері Қазақстанның бірнеше облысында 21 мамырда үкіметтің жер реформасына қарсы митингіге шығу ниетін жариялаған азаматтық белсенділер мен әлеуметтік желі қолданушылары жаппай тергеуге шақырылып, 15 күнге қамалып жатыр.

XS
SM
MD
LG