Accessibility links

Шымкентте белсенді Данияр Құлтаев 15 тәулікке қамалғаны хабарланды


Жерге қатысты жиын өтеді деген маңайды бақылап жүрген полицейлер. Шымкент, 28 сәуір 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Жерге қатысты жиын өтеді деген маңайды бақылап жүрген полицейлер. Шымкент, 28 сәуір 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Шымкентте Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының үйлестірушісі Данияр Құлтаев Facebook желісіндегі парақшасында жер мәселесіне қатысты митинг болуы мүмкін екені туралы жазған соң 15 тәулікке қамалды. Бұл туралы Азаттыққа оның әйелі Мария Оспанқұлова хабарлады. Ол күйеуін полиция үйінен түстен кейінгі сағат 15-тен кейін алып кетіп, кешкі сағат 21 шамасында Шымкент қалалық сотында ісі қаралғанын айтады. Оспанқұлованың айтуынша, белсендіні рұқсат етілмеген қарсылық митингісін ұйымдастырмақ болды деп айыптаған.

19 мамырға ауған түні Шымкентте тағы екі белсенді - Жадыра Дүйсенбекова мен Ибрахим Әлсеркенің 15 тәулікке қамалғаны хабарланған. Азаттыққа хабарласқан Дүйсенбекова Facebook парақшасында 21 мамыр күні митинг болатыны туралы хабарламаны бөліскені үшін сотталып бара жатқанын айтқан. Ол Шымкент әкімшілік сотында сот отырысына кіріп бара жатқанда шымкенттік белсенді Ибрахим Әлсеркенің сот отырысынан шығып бара жатқанын көрген. «Ибрахимнің өз аузынан естідім. Ол да «мені 15 тәулікке қамады» деді» деген ол.

Қазақстанда кейінгі екі-үш күнде полиция қысымы күшейіп тұр. Билік қазақстандықтар жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қарсы митингке шығады деп қауіптенеді. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беру жөнінде жер кодексіне енгізілген өзгерістерді жүзеге асыруға жыл аяғына дейін мараторий жариялады. Қазір жер реформасы бойынша құрылған комиссия заңды қайта қарап жатыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG