Accessibility links

HRW Астананы митингке рұқсат беруге шақырды


Human Rights Watch ұйымының логотипі (Көрнекі сурет).
Human Rights Watch ұйымының логотипі (Көрнекі сурет).

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін 21 мамыр күні жоспарланған митингі қарсаңында қамалған белсенділерді босатуға шақырды.

"Ешкім бейбіт қарсылық жиынына қатысуға ниет білдіргені үшін ғана қамалмауы тиіс. Қазақстан билігі жоспарланған қарсылық білдіруге қатысты қамалғандарды дереу босатып, 21 мамырда наразылық шарасын өткізуге рұқсат беруі тиіс және көпшілік жиын өткізу туралы қатаң заңды өзгертуге әрекет жасауы керек" деген ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттманн 19 мамырда таратылған мәлімдемеде.

Қазақстанда кейінгі бірнеше күнде полиция қысымы күшейіп тұр. Билік қазақстандықтар жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қарсы митингке шығады деп қауіптенеді. Атырау, Алматы, Астана, Семей, Шымкент, Орал қалаларында ондаған белсенді рұқсатсыз митинг ұйымдастырмақ болды деген айыппен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынған. Полиция белсенділердің үйлері мен кейбір үкіметік емес ұйымдар кеңсесіне тінту жүргізген.

Бұған дейін Халықаралық Freedom House Kazakhstan құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін 21 мамырда жер мәселесі бойынша митинг өткізуге ниет білдірген белсенділерді қудаламауға шақырып, оларға таққан барлық айыпты алып тастауға үндеген.

12 мамыр күні БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі сарапшылары да Қазақстан билігін үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін сату және жалға беру жоспарына ашық қарсы шыққан белсенділерді қамауды және қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырды

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беру жөнінде жер кодексіне енгізілген өзгерістерді жүзеге асыруға жыл аяғына дейін мараторий жариялады. Қазір жер реформасы бойынша құрылған комиссия заңды қайта қарап жатыр.

Сәуірдің соңы мен мамырдың басында Қазақстанның бірнеше қаласында жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қарсы жүздеген адам митингілер өткізген.

XS
SM
MD
LG