Accessibility links

Жаңаөзенде екі адам прокуратурадан "митинг туралы ескерту" алған


Жаңаөзен көшесінде тұрған полиция көлігі. Маңғыстау облысы, 1 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаңаөзен көшесінде тұрған полиция көлігі. Маңғыстау облысы, 1 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында бірнеше азамат қалалық прокуратураға шақыртылғандарын хабарлады.

Өзен кенішіндегі ұңғымаларды жөндеумен айналысатын «Круз» мекемесінің диспетчері Шолпан Өтекееваның Азаттыққа хабарлауынша, оны бүгін сағат 14-те Жаңаөзен қалалық прокуратурасына шақыртқан. Оның сөзінше, өзімен Жаңаөзен қаласы прокурорының орынбасары Мақсат Күшбаев сөйлесіп, «егер заңсыз митинг ұйымдастырса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы және қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауапқа тартылатынын» ескерткен.

– Мен түсіндірмеге қол қойдым. Бірақ «Митингке қатысамын, халықпен бірге боламын, ешкімді шақырмаймын. Бұл – менің азаматтық позициям» деп жазып бердім, – дейді Шолпан Өтекеева.

Жаңаөзен қаласындағы 8 мыңнан астам мұнайшы еңбек ететін «Өзенмұнайгаз» компаниясының операторы Күнсұлу Әйтішева да мамырдың 19-ы күні қалалық прокуратураға шақыртылып, жоғарыдағыдай ескерту алғанын айтты. Ол да өзінің митингке қатысатынын прокурорға ескертіп кеткенін мәлімдеді.

Азаттық тілшісі Жаңаөзен қалалық прокуратурасына бірнеше мәрте қоңырау шалғанымен, ешкіммен тілдесе алмады.

Бұдан бір күн бұрын, мамырдың 18-і күні Жаңаөзендегі «ӨзенМұнайГаз» компаниясының бұрғылау жұмыстарын басқару мекемесінің мұнайшысы Нұрлыбек Нұрғалиев та қалалық прокуратураға шақырту алғанын хабарлаған.

Қазақстанда жер мәселесіне байланысты белсенділер мен қарапайым азаматтарды қамау кейінгі екі-үш күнде күрт жиіледі. Астана мен аймақтарда полиция ұстап, сот 10-15 тәулікке абақтыға жапқан азаматтар саны 20-дан асты.

XS
SM
MD
LG