Accessibility links

Шымкентте Азаттық тілшісі үйіне "санақ жүргізуге" барды


Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Иса.

Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Дилара Иса.

Шымкентте Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тілшісі Дилара Исаның үйіне бүгін сағат 17:30 шамасында өздерін "қалалық әкімдіктің мониторинг бөлімінің қызметкерлері" деп таныстырған екі адам тексеруге барды.

Дилара Исаның айтуынша, үйге келген бір ер адам мен бір әйел адам өздерінің аты-жөнін айтудан бас тартқан. Тілшіге "Сайлау кезінде дұрыс санақ жүргізілмегендіктен мәселелер туындап, қайта санақ жүргізуге келдік" деп, үйде кім, қанша адам тұратынын сұраған. Азаттық тілшісі олардан қызметтік куәлігін көрсетуді талап еткенімен, олар ешқандай құжат көрсетпеген. "Санақ жүргізуге келгендер" өздерін суретке түсірткізбеген. Олардың сөзінше, санақ Дилара Исаның ғана емес, "барлық жерде жүргізіліп жатыр".

Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның айтуынша, журналистің үйіне "санақ жүргізуге келгендердің" іс-әрекеті заңға қайшы. Ол санақ екі жағдайда - жалпы халық санағы кезінде және сайлау кезінде ғана жүргізілуі тиіс және санақ жүргізілетіні бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлануы керек.

Дилара Исаға бұған дейін, 18 мамыр күні Еңбекші аудандық прокуратурасы ескерту жасаған. Прокуратурада болған әңгіме кезінде прокурор Азаттық тілшісінен егер 21 мамыр күні митинг бола қалса, оған баратын-бармайтынын сұраған. Дилара Иса жиын өтсе ол туралы жазатын кәсіби журналист ретінде міндетін атқару үшін оқиға орнына баратынын айтқан. Соған қарамастан прокурор Азаттық тілшісіне "жеке тұлға" ретінде алдын ала ескерту хатын табыс еткен.

Соңғы күндері Қазақстанның бірнеше облысында 21 мамырда өтуі ықтимал "жер мәселесіне" байланысты митингіге қатысу ниеті туралы әлеуметтік желіде жазба жариялаған азаматтық белсенділер мен желі қолданушылары жаппай тергеуге шақырылып, кейбірі 15 күнге қамалып жатыр.

XS
SM
MD
LG