Accessibility links

Шымкентте Азаттық тілшісі Дилара Исаны полиция алып кетті


Дилара Иса, Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі.

Дилара Иса, Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі.

Шымкентте Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тілшісі Дилара Исаны бүгін, 21 мамыр күні таңертең қаладағы үйінен шыққанда полиция ұстап алып кетті.

Дилара Исаның айтуынша, сағат тоғыз шамасында үйінен шыққанда бір полиция қызметкері мен азаматтық киімдегі тағы бір ер адам соңынан еріп автобус аялдамасына барған. Ол жерден тілшінің автобусқа отыруына кедергі жасап, түсіріп алып қалған.

- Полиция өкілі өз аты-жөнін айтудан бас тартты. Бірақ оны танып тұрмын. Ол 17 мамыр күні үйге келіп, өзін Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Еркін Балабаевпын деп таныстырған полиция қызметкері. Олар мені Еңбекші аудандық ішкі істер басқармасына «бастықпен сөйлесесіз» деп алып кетейін деп тұр. Қолдарында полицияға шақырту қағаздары жоқ. Осы жерге полиция көлігін шақыртты, - деді Дилара Иса.

Тілшіміз өзін полиция ұстағаны туралы телефонмен хабарлап тұрған кезде полицияның оны күшпен көлікке отырғызып, телефонын тартып алғаны естіліп тұрды. Бұдан соң телефон байланысы үзілді.

Дилара Исаға бұған дейін, 18 мамыр күні Еңбекші аудандық прокуратурасы ескерту жасаған. Прокуратурада болған әңгіме кезінде прокурор Азаттық тілшісінен егер 21 мамыр күні митинг бола қалса, оған баратын-бармайтынын сұраған. Дилара Иса жиын өтсе, ол туралы хабар дайындайтын журналист ретінде кәсіби міндетін атқару үшін оқиға орнына баратынын айтқан. Соған қарамастан прокурор Азаттық тілшісіне «жеке тұлға» ретінде алдын ала ескерту хатын табыс еткен.

Бұған дейін 21 мамырда жер мәселесіне қатысты бүкілқазақстандық митинг өтуі мүмкін екені туралы ақпараттар тараған соң Қазақстанның бірнеше облысында азаматтық белсенділер мен әлеуметтік желі қолданушылары жаппай тергеуге шақырылып, кейбіреулері әкімшілік сот шешімімен 15 күнге қамалған.

XS
SM
MD
LG