Accessibility links

21 мамыр алаңдарды қоршап, адамдарды тұтқындаумен өтті


Полиция Республика алаңы маңына келген жұртты ұстап жатыр. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.
Полиция Республика алаңы маңына келген жұртты ұстап жатыр. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.

"Митинг өтеді" делінген күні Азаттық сайты ашылмай, тілшілері полиция қамауына ілікті. Елдің бірнеше қаласында орталық алаңдарға шыққан адамдарды полиция әкетіп жатыр.

Жер мәселесіне қатысты бүкілқазақстандық митинг өтеді делінген 21 мамырға қараған түннен бері Азаттық сайты бірқатар аймақтарда ашылмай қалды. Интернет қолданушылардың хабарлауынша, Алматы, Астана, Шымкент, Атырау қалаларында Азаттық сайтына компьютерден де, мобильді қосымшасы арқылы да кіру қиындаған. Кей өңірлерде Азаттықтың қосымша http://azatkaz.info адресіндегі парағына кіру де мүмкін болмаған. Ел аумағында Азаттықтың әлеуметтік желілердегі парақшаларына кіру де қиындап кеткені белгілі болды.

Мамырдың 21-інде елдің бірнеше қаласында халық көп жиналатын орынға барған журналистер мен қарапайым азаматтарды полиция ұстай бастады.

АЛМАТЫ

Қаладағы "Сарыарқа" кинотеатрына маңында Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы мен "Жас Алаш" газетінің фототілшісі Асылхан Әбдірайым полиция ұстап, Әуезов аудандық ішкі істер бөліміне алып кетті. Полиция тілшілерді үш сағаттан артық уақыт ұстап барып босатты.

Азаттық тілшісі Вячеслав Половинконы да полиция ұстап әкетті, сәлден кейін босатты. Оның айтуынша, ұсталған адам біршама. Тілші өзін полицияның 16-бағыттағы автобусқа мінгізіп, Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне апарғанын хабарлады. Басқармада Азаттық тілшісіне түсініктеме жаздырып, босатқан.

Алматыда Азаттық тілшілері Нұртай Лаханұлы да ұсталды. Оны Республика алаңы маңында жиналған жұртпен бірге ұстап, Алатау аудандық ішкі істер басқармасына апарып, түстен кейін босатқан.

Азаттықтың енді бір тілшісі Қасым Аманжолұлын да арнайы жасақ ұстап, сәлден соң босатты.

"Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымының мәлімете қарағанда, "Дат - Общественная позиция" газетінің "бас оқырманы" Ермұрат Бапиды да үйінен шыға бергенде полиция ұстап, Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне апарған.

Бұған дейін құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевты да полиция ұстап, сол жерге апарғаны жарияланған еді.

"Әділ сөз" дерегінше, Алматыдағы Республика алаңы маңында "Дала мен қала" газетінің бас редакторы Тоқтарәлі Таңжарық, "Трибуна" газетінің журналисі, фототілші Владимир Третьяков, журналист Гүлжан Ерғалиева мен белсенді Жанна Байтелова да ұсталған.

Алматыда бүгін құқық қорғаушы Андрей Свиридов та ұсталғаны белгілі болды. Ол өзін "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай және азаматтық белсенді Маржан Аспандияровамен бірге автобусқа мінгізгенін айтты. Журналист Андрей Гришин де ол азаматтармен бірге Алатау аудандық ішкі істер басқармасында отырғанын, полиция ұсталғандардың саусақ таңбасын түсіріп алғанын хабарлады.

Полицияда қамалған жұрт
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:23 0:00

Алматыдағы Республика алаңы мен оған жапсарлас көшелерде тұрған полицейлер алаңға жұртты кіргізбей, кей азаматтарды ұстап әкетті. Сағат 11-лер шамасында Фурманов пен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы ЕTerrace кафесінің жанына отыз шақты адам жиналған. Полиция оларды кіргізбей, тарауын сұрап, ескерту жасаған. Жиналғандар тарамаған соң полиция бірнеше адамды ұстап, күштеп көлікке мінгізді.

Қазір Алматының Сәтбаев көшесі мен оның Республика алаңын кесіп өтетін бөлігінде көлік қозғалысы шектелді. Алаң маңында он шақты микроавтобус пен автобус тұр. Қалалық ішкі істер департаменті кеше бұл маңнан "жанғыш сұйықтығы бар шөлмектер, арматура кесінділері, металл шыбықтар, бензин құйылған канистралар" табылғанын хабарлап, содан кейін полицияның "күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкенін" мәлімдеген. Алматы полициясы алада бес адам ұсталып, олардан "бірнеше атыс қару-жарағы мен оның оқ-дәрілері" тәркіленгенін де айтқан.​

АСТАНА

Журналистерді ұстау оқиғасы Астанада да болды. Азаттық тілшілері Ержан Әмірханов пен Мәди Бекмағанбетті "Бәйтерек" монументінің жанынан полиция ұстап, Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасына апарды. Полиция бөлімшесінде Азаттық тілшілерінің құжаттарының көшірмесін түсіріп алған. Азаттықтың Астанадағы тілшілерін түстен кейін босатты.

Полиция "Бәйтерек" маңындағы жұртты әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00

Астанадағы "Бәйтерек" монументі маңына келген өзге тілшілерді де полиция ұстаған. Vласть пен Ratel.kz порталдарының, «Интерфакс-Казахстан», «Новости-Казахстан», ИТАР-ТАСС, «Новая газета - Казахстан», "Россия сегодня" агенттіктерінің тілшілерінің полиция ұстап, біразын Алматы аудандық ішкі істер басқармасына әкеткен, кейбірін полиция автобусына кіргізіп алғаны хабарланған. «Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы түстен кейін ол тілшілердің босатылғанын айтты.

Астана полициясы "Бәйтерек" маңына келген бірнеше қарапайым тұрғында да ұстап, автобустарына мінгізіп алған. Жай күндері халық көп баратын "Бәйтерек" монументі маңында бүгін қарапайым жұртшылық аз, полиция қарасы көп. ​

Астана көшесіндегі полицейлер. Астана, 21 мамыр 2016 жыл.
Астана көшесіндегі полицейлер. Астана, 21 мамыр 2016 жыл.

ШЫМКЕНТ

​Бүгін Азаттықтың аймақтардағы тілшілері де полиция кедергісі кесірінен кәсіби міндеттерін атқаруда қиындық көрді. Шымкентте Азаттықтың Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тілшісі Дилара Исаны таңертең таңғы сағат 9 шамасында үйінен шыққанда полиция ұстап алып кетті. Тілшінің айтуынша, бір полицей мен азаматтық киімдегі бір ер адам автобус аялдамасына дейін соңынан еріп барған. Ол жерден тілшінің автобусқа мінуіне кедергі жасап, түсіріп алып қалған.

- Полиция өкілі өз аты-жөнін айтудан бас тартты. Бірақ оны танып тұрмын. Ол 17 мамыр күні үйге келіп, өзін Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Еркін Балабаевпын деп таныстырған полиция қызметкері. Олар мені Еңбекші аудандық ішкі істер басқармасына «бастықпен сөйлесесіз» деп алып кетейін деп тұр. Қолдарында полицияға шақырту қағаздары жоқ. Осы жерге полиция көлігін шақыртты, - деді Дилара Иса.

Тілшіміз өзін полиция ұстағаны туралы телефонмен хабарлап тұрған кезде полицияның оны өз көліктеріне күштеп мінгізіп, телефонын тартып алғаны естіліп тұрды. Бұдан соң телефон байланысы үзілген. Түске таяу тілшіні босатқаны белгілі болды.

Дилара Исаға бұған дейін, 18 мамыр күні Еңбекші аудандық прокуратурасы ескерту жасаған. Прокуратурада болған әңгіме кезінде прокурор Азаттық тілшісінен "егер 21 мамыр күні митинг бола қалса, оған баратын-бармайтынын" сұраған. Дилара Иса жиын өтсе, ол туралы хабар дайындайтын журналист ретінде кәсіби міндетін атқару үшін оқиға орнына баратынын айтқан. Соған қарамастан прокурор Азаттық тілшісіне «жеке тұлға» ретінде алдын ала ескерту хатын табыс еткен.

АТЫРАУ

21 мамыр күні полицияға ұсталғандардың арасында Азаттықтың Атыраудағы тілшісі Сәния Тойкен де бар. Оны қаладағы Исатай-Махамбет алаңы жанынан полиция ұстап, ұялы телефонын тартып алуға әрекет жасаған. Кейін полицияның тілшіні босатқаны, сәлден соң қайта ұстап, екінші рет босатып жібергені белгілі болды.

Тілшіні сағат 11-ден кейін орталық Исатай-Махамбет алаңына жақын маңда бірнеше адаммен бірге ұстап, Атырау қалалық ішкі істер департаментіне апарған. Полицияда бір сағаттай уақыт болған оны хаттама толтырып, босатқан. Полиция Сәния Тойкенмен бірге жергілікті "Ақ Жайық" газетінің журналисі Мұрат Сұлтанғалиевті де босатқан.

Сәния Тойкен бүгін Атыраудағы орталық алаң маңынан хабар жолдап жүрген.

Қазір Атырау қаласындағы орталық Исатай-Махамбет алаңы полиция қоршауына алынған. Алаңға кіре беріске металл қоршаулар орнатылып, полиция көлік пен жаяу жүргіншілерді алаңға кіргізбей тұр. Азаттық тілшісі алаң маңындағы ғимараттар төбесінде мергендер отырғанын байқаған.

Исатай мен Махамбет алаңы маңындағы үй төбесінде тұрған адам. Атырау, 21 мамыр 2016 жыл.
Исатай мен Махамбет алаңы маңындағы үй төбесінде тұрған адам. Атырау, 21 мамыр 2016 жыл.

ЖАҢАӨЗЕН

Бүгін Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында да бірнеше адамды полиция ұстағаны белгілі болды.

- Жаңаөзен полициясы "Круз" мұнай сервисі компаниясының қызметкері Шолпан Өтекеева мен Айгүл Мазақбаеваны үйлерінен ұстап, қалалық ішкі істер басқармасына апарған, - дейді қала тұрғыны Нұрсұлу Отарбаева.

Шолпан Өтекеева екі күн бұрын Жаңаөзен прокурорының орынбасары Мақсат Күшбаевтан "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырса, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін" екені туралы ескерту алған.

Жаңаөзендегі "ӨзенМұнайГаз" компаниясының мұнайшысы Күнсұлу Әйтішева да өзін бүгін таңғы сағат 7-де үйінен полиция алып кеткенін Азаттыққа хабарлады.​

ОРАЛ

Оралда қалалық әкімдік жанында Азаттықтың Батыс Қазақстан облысы бойынша тілшісі Санат Орын-Әлиді де полиция ұстап, полиция бөлімшесіне алып кетті.

Тілшінің хабарлауынша, өзін Страмоусов деп таныстырған полиция қызметкері журналисті не үшін ұстағанын айтудан бас тартып, "барлығын полиция бөлімшесінде түсіндіретінін" мәлімдеген.

Орал полициясы Азаттық тілшісін кешке таяу ғана босатты.

Азаттық тілшісін ұстау сәті
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

​ҚАРАҒАНДЫ МЕН ПАВЛОДАР

Бүгін қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылдың да ұсталғаны хабарланды. Белсенді Ғалым Ақылбековтің Facebook-те хабарлауынша, Фазылов өзін екі полицей мен тағы екі адам көлікпен алып кеткенін телефонмен хабарлап үлгерген.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының хабарлауынша, Қарағандыда полиция "Новый Вестник" газеті тілшісі Елена Ульянкинаны,101 ТВ тілшілері Ботагөз Омарова, Айман Сағатай, Александр Тиртишецтерді ұстап, полиция бөліміне әкеткен.

Бүгін Павлодар қаласында да 30-40 адам жер мәселесі бойынша жиналған. Полиция жұртты қуып таратып, сол жерде Қазақстан президентіне үндеу оқып тұрған азаматтық белсенді Серікбай Әлібаевты ұстаған.

"ЖУРНАЛИСТЕРДІ ҰСТАУ - ТҮСІНІСПЕУШІЛІК"

Қазақстандық ақпарат құралдарының дерегінше, ақпарат және коммуникация министрi Дәурен Абаев елде журналистердің ұсталып жатқанынан хабардар.

- Iшкi iстер министрiмен жаңа ғана хабарластым. Қазiр барлық жағдай анықталып жатыр. Оларды не үшiн ұстағанын анықтаймыз. Ішкі істер министрі ұсталған журналистердің таяу арада барлығы босатылады деп сендiрдi, - дейді Дәурен Абаев.

Қазақстан ішкі істер министрлігі әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Игорь Лепеха журналистердің ұсталуын "түсінбестіктен болған" деп сипаттады. Оның сөзінше, бүгін полиция рұқсат етілмеген митингіні өткізбеуге күш салған, бірақ кейбір азаматтар "митингіні өткізуге әрекеттенген".

- Осыған байланысты олар ұсталып, кейін кім екені және не үшін жүргені анықталған соң босатылды. Олардың арасында, өкінішке қарай, журналистердің болғаны рас. Бірақ мен бұл әдейі жасалған деп ойламаймын. Тек жай ғана түсініспеушілік болған, - дейді Игорь Лепеха.

Оның сөзінше, министрлік "қызметкерлерінің іс-әрекетін талдап, енді мұндай оқиғалардың қайталанбау шараларын жасамақ".

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) БАҚ еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович бүгін Қазақстанда ақпарат құралдары өкілдерін жаппай ұстауды айыптап, билікті оларды босатуға шақырды.

Алматы, Астана, Атырау, Жезқазған, Қарағанды, Шымкент пенОралда ондаған журналист ұсталғанын айтқан ЕҚЫҰ ел билігінің бұл ісін "журналистердің бостандығы мен қауіпсіздігіне зор кесір" деп сипаттайды. Ұйым Азаттық сайтының ашылмай қалуын да атап өткен.

21 МАМЫРҒА ДЕЙІНГІ ҚАМАУЛАР МЕН ЕСКЕРТУЛЕР

Қазақстанда мамырдың 17-сінен бастап полиция қысымы күшейді. Елдің түкпір-түкпірінде қысымға ұшыраған белсенділер мен қарапайым азаматтар арасында прокуратураға жауап беруге шақырылып, қайта босатылғандары да, сот арқылы 10-15 тәулікке абақтыға қамалғандары да, тіпті қылмыстық кодекс бойынша айыпқа іліккендері де бар.

Астана мен аймақтарда полиция ұстаған, сот 15 тәулікке дейін абақтыға жапқан азаматтар 20-дан асты. Қазір жер мәселесіне қатысты белсенділік көрсеткен не ол жайлы әлеуметтік желілердегі парақтарында жазған мына азаматтар қамауда отыр: 1. Жанат Есентаев, 2. Макс Боқаев, 3. Талғат Аян, 4. Мақсат Ілиясұлы, 5. Бақытжан Төреғожина, 6. Марат Уатхан, 7. Сүйіндік Алдабергенов, 8. Қуат Күнболатов, 9. Мөлдір Адылова, 10. Манас Әбдіманап, 11. Қуаныш Сұлтанәли, 12. Махамбет Әбжан, 13. Бауыржан Әліпқалиев, 14. Исатай Өтепов, 15. Айболат Бөкенов, 16. Данияр Құлтаев, 17. Жадыра Дүйсенбекова, 18. Ибрахим Әлсерке, 19. Құрманғазы Рахметов, 20. Аслан Құрманбаев, 21. Фарит Ишмухаметов, 22. Кенжебек Сұлтанбеков, 23. Қасым Қожантаев, 24. Біржан Мұратбеков, 25. Лұқпан Ахмедьяров.

Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы,Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, 5 мамырда жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне осы жылдың соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойынша комиссия құруды бұйырған. Жер реформасы бойынша комиссияның екінші отырысы бүгін Астанада өтіп жатыр.

XS
SM
MD
LG