Accessibility links

ІІМ: Журналистерді ұстау "түсінбестіктен" болған


Алматыдағы орталық Республика алаңы маңына жиналғандар мен полиция қызметкерлері. 21 мамыр 2016 жыл.
Алматыдағы орталық Республика алаңы маңына жиналғандар мен полиция қызметкерлері. 21 мамыр 2016 жыл.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің өкілі бүгін журналистерді полиция "түсінбестіктен" ұстаған деп мәлімдеді.

Астанада өткен брифингте ішкі істер министрлігі әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Игорь Лепеха бүгін полиция рұқсат етілмеген митингіні өткізбеуге күш салғанын, бірақ кейбір азаматтар "митингіні өткізуге әрекеттенгенін" айтты.

"Осыған байланысты ұсталғандар кейін кім екені және не үшін жүргені анықталған соң босатылды. Олардың арасында, өкінішке қарай, журналистердің болғаны рас, бірақ мен бұл әдейі жасалған деп ойламаймын. Тек жай ғана түсініспеушілік болған" деді Лепеха. Оның сөзінше, болашақта министрлік "қызметкерлерінің іс-әрекетін талдап, енді мұндай оқиғалардың қайталанбауын" қадағаламақ.

Лепеха билік рұқсат етпеген митингіге байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, "кейбір азаматтар интернетте белсенді насихатпен айналысқанын" айтты.

"Бұл адамдарды жер мәселесі қызықтыра қоюы екіталай екені белгілі болған" деді Лепеха.

Бүгін Алматы, Астана, Атырау және Орал қалаларында ондаған журналист, оның ішінде Азаттық тілшілерін де полиция ұстаған. Бірқатар журналисті полиция Алматыда орталық алаңға жақын маңда жер мәселесіне қатысты митинг өткізбек болып жиналғандармен қоса ұстап, кейін босатқан. Астана, Атырау, Шымкентте ұсталған Азаттық тілшілері босатылғанымен, Оралдағы тілші Санат Орын Әли және Алматыда ұсталған тілшілердің бірі Асылхан Мамашұлы әлі босатылған жоқ. Атыраудағы тілші Сәния Тойкен, Санат Орын Әли, Шымкенттегі тілші Дилара Исаны полиция көпшілікпен бірге емес, жеке жүрген кезінде, қызметтік куәлігін көрсеткеніне қарамастан ұстаған.

XS
SM
MD
LG