Accessibility links

Сот белсенді Маржан Аспандияроваға айыппұл салды


Полиция "жер мәселесі" бойынша белсенділер баспасөз мәслихатына қатысуға келген Маржан Аспандиярованы ұстап әкетіп барады. Алматы, 29 сәуір 2016 жыл.
Полиция "жер мәселесі" бойынша белсенділер баспасөз мәслихатына қатысуға келген Маржан Аспандиярованы ұстап әкетіп барады. Алматы, 29 сәуір 2016 жыл.

Алматы қаласының әкімшілік соты жексенбіге ауған түні белсенді Маржан Аспандиярованың ісі бойынша шешім шығарды. Судья 21 мамырда Алматы көшесінен полиция ұстап әкеткен белсендіге «қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін» 20 айлық есептік көрсеткіш (42420 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Сот кезінде сөйлеген сөзінде Маржан Аспандиярова жер реформасына қарсылық акциясын ұйымдастырмағанын, бұл наразылық шеруін ұйымдастырумен айналысқан белсенділерге қатысы жоғын мәлімдеген. Аспандиярова сенбі күні Алматыда полиция қоршауға Республика алаңына жүздеген басқа адамдармен бірге бармақ болғанын, жұртпен қосылып қазіргі мемлекеттік әнұранға айналған «Менің Қазақстаным» әнін шырқағанын мойындады. Ол өзіне қатысты қозғалған істі «қолдан жасалған айыптау» деп атап, полиция өкілдері тіпті сотқа тапсырған құжаттарды заңға сәйкес етіп емес, «сауатсыз, қалай болса солай толтырған» деп мәлімдеді. Маржан Аспандиярова «президент Назарбаевтың биологиялық өмірін ешкім ұзарта алмайтынын», билік өзгерген соң өткендегі іс үшін өкінбес үшін сотты әділ шешім шығаруға шақырды.

Бұған дейін Алматы әкімшілік соты сенбі күні полиция Маржан Аспандияровамен бірге Республика алаңы маңынан ұсталған «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайға да 20 айлық есептік көрсеткіш (42420 теңге) көлемінде айыппұл кескен. Полиция ол екеуінің үстінен «шеру, митинг өткізу заңдылығын бұзған» деген негізбен әкімшілік іс қозғаған.

Бұған дейін жұрт арасында «жер мәселесі жайлы бүкілқазақстандық митинг өтеді» деп хабарланған 21 мамыр күні Қазақстанның бірнеше қаласында көшеге шыққан ондаған адамды полиция ұстап әкетіп, көбін кейін босатқан. Ұсталып босағандардың арасында Азаттық тілшілері де болды.

XS
SM
MD
LG