Accessibility links

Алматы мен Атырауда алаңдарды полиция бақылап тұр


Атыраудың орталық алаңы шетіне орнатылған темір қоршау жанында тұрған полиция қызметкерлері. 22 мамыр 2016 жыл.

Атыраудың орталық алаңы шетіне орнатылған темір қоршау жанында тұрған полиция қызметкерлері. 22 мамыр 2016 жыл.

Алматы мен Атырауда бұдан бір күн бұрын «бүкілқазақстандық шеруге» бармақ болған азаматтарды билік жібермей қойған орталық алаңдар әлі полиция бақылауында деп хабарлайды Азаттық тілшілері

Таңертеңгі сағат 9 шамасында Алматыдағы Желтоқсан және Фурманов көшелерінің Республика алаңымен қиылысатын тұстарда екі-үштен полиция қызметкерлері, алаңның өзінде полицияның бірнеше жеңіл көлігі мен шағын және үлкен автобустар тұрғаны байқалды. Алаң маңынан өтетін Абай көшесі бойында да полиция қызметкерлері мен көліктері көзге шалынды. Сенбі күні осы көше бойынан алаңға өтпек болған көп адамды полиция қуалап, ондаған азаматтары ұстап әкеткен еді. Ұсталып босағандардың арасында Азаттық тілшілері де болды.

Алматы, Орал қалаларында полиция «шеру заңын бұзған» деп айыптаған бірнеше белсендіге сенбі күні түнге қарай әкімшілік сот айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) БАҚ еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович Қазақстанда наразылық акциясынан хабар дайындау үшін жүрген журналистерді жаппай ұстауды айыптады. Астанада кеше өткен брифингте ішкі істер министрлігі әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Игорь Лепеха митингі өтеді делінген жерге кәсіби міндетін атқаруға барған журналистерді полицияның ұстап әкетуін "түсінбестік" деп атады. ІІМ баспасөз қызметі кеше журналистерді ұстаған полиция қызметкерлерге шара қолданылады деп мәлімдеген.

Атыраудың орталық алаңының шетіне темір қоршаулар қойылып, жанында полиция қызметкерлері тұр. Алаң маңынан автобустар, полиция көліктері байқалады, бірақ олардың саны кешегіден аз. Сенбі күні ондаған адамды билік өткізбей қойған осы алаңда 24 сәуір күні үкіметтің «жер сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту» жоспарына қарсы жаппай шеру өткен еді. Кейін Ақтөбе, Семей, Ақтау, Жаңаөзен қалаларында да тұрғындар «жер мәселесі» туралы акцияға шықты. Мамырдың басында президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі даулы баптарға мораторий жариялап, үкімет жанынан «жер комиссиясы» құрылды.

Сонымен бірге Қазақстан билігі азаматтық белсенділер 21 мамырға жоспарлаған «бүкілқазақстандық шеруге» рұқсат бермеді. Осы аптада Қазақстанның әр аймағында ондаған белсенді «заңсыз шеруге шақырған» деген айыппен 10-15 тәулік әкімшілік қамауға алынды. Кейбір білсенділерге қарсы «жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды жоспарлаған» деген айыппен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтық белсенділерді қудалауды айыптап, Қазақстан билігін қамауда отырғандарды дереу босатып, тағылған айыпты алып тастауға шақырған.

XS
SM
MD
LG