Accessibility links

Павлодарда митингіге қатысқан бірнеше адамға әкімшілік шара қолданды


Азаматтық белсенді Серікбай Әлібаев.
Азаматтық белсенді Серікбай Әлібаев.

Павлодар әкімшілік соты азаматтық белсенді Серікбай Әлібаевқа «жер мәселесіне» байланысты митингіге қатысқаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 106 мың теңге) көлемінде айыппұл салған. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде жергілікті белсенділер хабарлады. Олардың ақпараты бойынша, митингіге қатысқаны үшін «бейбіт шеру өткізу тәртібін бұзған» деген айыппен ұсталған тағы бірнеше адамға ескерту жасалған.

Сенбі күні Павлодарда ондаған адам Ертіс өзені жағалауында өткен бейбіт жиынға қатысқан. Азаматтық белсенді Серікбай Әлібаев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жасаған үндеуінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатпау және шетелдіктерге жалға бермеу, қолданыстағы жер кодексінің күшін жою, жер қорын түгендеу туралы талаптар қойған. Сонымен бірге ол билікті жер мәселесі бойынша өз пікірін білдірген азаматтарды қудалауды тоқтатуға шақырған. Бұдан соң Әлібаев пен жиынға қатысқан бірнеше адамды полиция ұстаған.

Кеше Алматы, Астанв, Атырау және Оралда полиция ұстап әкеткен ондаған адамның арасында журналистер, саясаткерлер, құқық қорғаушылар мен қарапайым азаматтар болды. Оған дейін әлеуметтік желілерде 21 мамырда үлкен қалаларда өтуі ықтимал «жер шеруіне» қатысты ой-пікірлерін білдірген 30-дан аса адамды билік әкімшілік қамауға алды. Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруді көздейтін жер реформасына қоғамның бір бөлігі қарсылық білдіріп отыр.

XS
SM
MD
LG