Accessibility links

Пентагон: «Талибан» басшысы молла Мансур қаза тапқан болуы мүмкін


ауғанстандық «Талибан» қозғалысының басшысы молла Ахтар Мансур.

ауғанстандық «Талибан» қозғалысының басшысы молла Ахтар Мансур.

АҚШ әскерилері америкалық дронның көмегімен ауғанстандық «Талибан» қозғалысының көсемі молла Ахтар Мансурдың көзі жойылған болуы ықтимал деп мәлімдеді.

Әскерилер хабарына қарағанда, сенбі күні Пәкістанның оңтүстік-батыс аймағында, Ауғанстанмен шекара маңында екі адам мінген көлікке әуеден соққы берілген. Пентагон ол көліктегінің бірі – молла Мансур дейді. Аты-жөні аталмаған америкалық шенеуніктің ақпараты бойынша, әуе соққысын жасауға АҚШ президенті Барак Обаманың берген санкциясы бар.

«Талибан» қарулы топтарының бірінің басшысы молла Абдул Рауф молла Мансурдың ауған-пәкістан шекарасы маңында қаза тапқаны туралы ақпаратты растады. Басқалары Мансурдың өлгені жайлы хабарды негізсіз деп атаған.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғанидың кеңсесіндегілер әуе соққысы жасалғанын растап, қазір ауған билік орындары Мансурдың қаза болғаны я тірі қалғанын анықтауға тырысып жатқанын хабарлады.
Егер молла Ахтар Мансурдың өлгені расталса, бұл «Талибан» қозғалысына ауыр соққы болып тимек және Ауғанстан билігінің олармен өткізіп жатқан келіссөздеріне әсер етуі мүмкін.

XS
SM
MD
LG