Accessibility links

Киев пен сепаратистер бір-бірін бітімді бұзды деп айыптады


Украиналық әскерилер. (Көрнекі сурет.)

Украиналық әскерилер. (Көрнекі сурет.)

Донбаста өткен тәулікте украиналық әскери қаза тауып, тағы бір сарбаз жараланған деп хабарлады Украина президенті әкімшілігінің елдің шығысындағы әскери операциялар мәселелері жөніндегі өкілі Александр Мотузяник. Киев өткен түні Донецк облысы Авдеевка қаласы аумағын сепаратистер ірі калибрлі артиллериялық қару жүйесін қолданып «екі мәрте атқылады» деп мәлімдеді. Атыс салдарынан жергілікті тұрғын әйел жараланған деп хабарланды.

Ресейдің қолдауына сүйенетін, өзін өзі «Донецк халық республикасы» деп жариялап алған сепаратистер Киевтің айыптауларына жауап ретінде украиналық әскерилер тарапынан 200-ге жуық рет оқ атылғаны туралы мәлімдеді. Олардың сөзінше, Александровка, Трудовский, Спартак, Саханка, Коминтерново және Жабичево елді мекендері минометтерден атқыланған.

Украина қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, 2014 жылдың көктемінен бері Донбастағы қарулы жанжал салдарынан қаза тапқан украиналық әскерилер саны 2600-ден асқан, 9 мыңнан астамы жараланған. Киев пен Батыс елдері Ресейді Украинаның шығысындағы сепаратистерге әскери қызметшілерін жұмсап, қару-жарақ беріп қолдау танытып отыр деп айыптайды. Кремль бұл айыптауларды теріске шығарады.

XS
SM
MD
LG