Accessibility links

Тәжікстанда конституцияға өзгеріс енгізуге дауыс берді


Куляб облысында референдумға дауыс беруге келген адамдар. Тәжікстан, 22 мамыр 2016 жыл.
Куляб облысында референдумға дауыс беруге келген адамдар. Тәжікстан, 22 мамыр 2016 жыл.

Тәжікстан Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) басшылығы сайлаушылар ел конституциясына президент Эмомали Рахмонның өкілеттігін күшейтуге мүмкіндік ететін өзгерістер енгізуге дауыс бергенін мәлімдеді.

22 мамырда өткен референдумның алдын ала нәтижелеріне сілтеме жасаған ОСК конституцияға енгізуге ұсынылған 41 түзетуді дауыс берген сайлаушылардың 94,5 пайызы "қолдағанын" хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 92 пайызы қатысқан.

Өзгерістер арасында Эмомали Рахмонның өкілеттік мерзіміне қойылған шектеуді жою, президенттікке кандидаттың жасын 35-тен 30-ға дейін азайту бар. Бұл Рахмонның 29 жастағы ұлы Рустам Рахмонның президенттік сайлауға түсіп, мұрагері болуына жол ашады. Конституцияға сонымен қатар діни сипаттағы партия құруға тыйым салу туралы өзгеріс енгізу де қарастырылған.

Эмомали Рахмон Тәжікстанды жиырма жылдан астам уақыт басқарып келеді. Рахмон билігін сынайтындар оның ұзақ уақыт билікте отыруы соңғы жылдары діни еркіндіктерді, азаматтық қоғам мен саяси плюрализм талаптарын бұзуға ұласты деп санайды.

XS
SM
MD
LG