Accessibility links

Журналист Байдалинова 1,5 жылға сотталды


Журналист Гузяль Байдалинова

Журналист Гузяль Байдалинова

Алмалы аудандық сотының судьясы Нариман Бегәлиев 23 мамыр күні "Казкоммерцбанк" туралы Nakanune.kz сайтында "тапсырыспен жазылған мақалалары" үшін сайттың иесі әрі редакторы, 48 жастағы кәсіпкер Гузяль Байдалинованы және 49 жастағы кәсіпкер Таир Қалдыбаевты "ұйымдасқан түрде жалған ақпарат таратты" деген айыппен 1,5 және 4,5 жылға соттады.

Жарыссөз кезінде Байдалинова өзінің айыпталушы емес, куәгер болуы тиіс екенін дәлелдемек болып бақты. Ол "өзіне қарсы айғақ жоқ" екенін айтып, соттан ақтауды сұрады. Ал Қалдыбаев жартылай кінәсін мойындап, шын өкінетінін мәлімдеді.

Айыптау қорытындасы бойынша Таир Қалдыбаев "Казкоммерцбанкті" қаралайтын 40-тан астам мақалаға тапсырыс берген. Ол "Деловая неделя" газетінің бас редакторы Махамбет Әуезовпен ымыраласып, мәрте журналист Рафаэль Балғин арқылы бұл мақалаларды Байдалинова басқаратын Nakanune.kz сайтында және Ирина Петрушова басқаратын "Республика" сайтында жариялатқан.

Мақалалардың қаламақысын Қалдыбаев Балғинге Әуезов арқылы беріп отырған. Ал Балғин ақшаны Байдалиноваға Анатолий Иванов атты журналист арқылы жіберіп тұрған-мыс. Тергеушілер Байдалинованың ақшаны басқа бір делдал арқылы Петрушоваға жеткізгенін айтады. Петрушованың үстінен бөлек қылмыстық іс қозғалған.

Рафаэль Балғин мен Махамбет Әуезов әуелі күдікті ретінде қарастырылып, кейін тергеушілер алдында ашық мойындап жауап бергесін куәгерлерге айналған.

Гузяль Байдалиновоның жақтастары журналисті "Казкоммерцбанк" туралы мақалалар үшін емес, 15 жылдан астам уақыт оппозициялық БАҚ-та жұмыс істегені үшін соттады деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG