Accessibility links

Боқаев пен Аянның апелляциялық соты басталды


Макс Боқаев, атыраулық азаматтық белсенді.

Макс Боқаев, атыраулық азаматтық белсенді.

23 мамыр кешкі сағат 17.00-де Атырау облыстық сотында "заңсыз митинг ұйымдастырды" деп айыпталып, 15 тәулікке қамалған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның аппеляциялық шағымын қарау басталды.

Талғат Аянның апелляциялық шағымын судья Сәуле Бәйменова, Макс Боқаевтың шағымын судья Гүлнар Қарабалина қарап жатыр.

Процеске қатысуға келген Макс Боқаевтың қарындасы Жанаргүл Боқаева Азаттыққа тінту кезінде әкетілген ағасының компьютерлерін ашып тексеру ісіне адвокаттар қатыссын деп тергеушіге арыз бергенін айтты. Ол тәркіленген құрал жабдықтар адвокат қатысуынсыз қаралса, жалған деректер енгізілуі мүмкін деп қауіптенеді.

Мамырдың 17-сі күні Атырау облыстық әкімшілік соты Макс Боқаев пен Талғат Аянды әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488–бабының 3-бөлімі бойынша "рұқсат етілмеген митинг өткізуге заңсыз шақырды" деп айыптап, 15 тәулікке қамаған еді.

Белсенділер адвокаты Төлепқали Аянов

Белсенділер адвокаты Төлепқали Аянов

Талғат Аянның адовкаты Төлепқали Аяновтың айтуынша, сот отырысы кезінде көптеген заң бұзушылық байқалған. Сотқа дейінгі тергеуде оларға адвокат берілмеген, сот ашық болса да, түн ортасында өткізіліп, туыстары мен журналистердің қатысуына мүмкіндік берілмеген.

20 мамыр күні №2 қалалық сотының судьясы З.Қазақбай Атырау облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің 9 басқарма тергеушісі Е. Сабырғалиевтің арызы бойынша сегіз адамның үйін тінту туралы қаулы шығарған еді. Осыған сәйкес Макс Боқаев, Талғат Аян, Ерлан Башақов, Сағатбай Қапизов, Ғатауғали Бохан, Құбайдолла Шолақ, Әділбек Мұсаұлы, Жасұлан Мұсабековтың үйлеріне тінту жасалып, олардың жеке компьютерлері, мобильдік телефондары мен флэшкалары тәркіленген болатын. Қаулыда құқық қорғау органдарының 17-19 мамырда аталған сегіз адамға қатысты қылмыстық кодекстің 24-бабының 1-бөлімі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 272-бабының 1- бөлімі (Жаппай тәртiпсiздiк) және 179-бабының 2-бөлімі (Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту) бойынша сот алды тергеуінің жүріп жатқанын хабарлаған.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуірде Атырауда өткен үкіметтің жер реформасына қарсы митингіде сөз сөйлеп, көзге түскен еді. Наразылық Қазақстанның бірнеше қаласына жайылған соң президент Нұрсұлтан Назарбаев даулы жер туралы заң өзгерістеріне мораторий жариялап, ал үкімет қоғам белсенділерін тартып, комиссия құрған. Макс Боқаев қоғамдық комиссия жоғарыдан бұйрық ретінде құрылып, қатарына халық өкілдері аз кірді деген себеппен оның жұмысына қатысудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG