Accessibility links

Сот Боқаев пен Аянның шағымын қанағаттандырмады


Азаматтық белсенді Талғат Аян ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Талғат Аян ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

23 мамыр күні Атырау облыстық соты "заңсыз митинг ұйымдастырды" деп айыпталып, 15 тәулікке қамалған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның және кәсіпкер Ерлан Башақовтың аппеляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Cот процесі үш сағатқа, кешкі 17.00-ден 20.00-ге дейін созылды. Ашық сот процесіне қатысуға келген журналистерге судья рұқсат бергенімен, есік алдындағы күзетшілер кіргізбеді.

Сот процесіне қатысқан Макс Боқаевтың қарындасы заңгер Жанаргүл Боқаеваның айтуынша, учаскелік полиция әкімшілік жазаға тартылғандардың Facebook парақшасын скриншоттап, өзі филологиялық зерттеу жасаған. Апелляциялық сот учаскелік полиция уәжін дәлел ретінде қабылдаған.

- Атырау қалалық әкімдігі [белсенділерге жер мәселесіне қатысты] митинг өткізуге рұқсат берілмегені туралы 16 мамырда хабарлаған. Ал жазаға тартылғандар өз парақшаларында митинг өткізуге арыз бергендері туралы ғана айтқан. Рұқсат берілмегені белгілі болған соң олар парақшасында ештеме жазбаған. Ешкімді ешқайда шақырмаған. Бірақ оны ескерген сот та, прокуор да болған жоқ, - деді Жанар Боқаева.

17 мамыр күні Атырау облыстық әкімшілік соты Макс Боқаев пен Талғат Аянды әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488–бабының 3-бөлімімен «рұқсат етілмеген митинг өткізуге заңсыз шақырды» деп айыптап, 15 тәулікке қамаған еді. Кәсіпкер Ерлан Башақов дәл осы айыппен 19 мамыр күні қамауға алынған болатын.

Макс Боқаев пен Талғат Аян - үкіметтің жер реформасына қарсы Қазақстанда Атырау қаласында 24 сәуірде өткен ең ірі наразылық митингісінің белсенділері. Осы митингіде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев көпшілік алдында Макс Боқаевтың талабына жауап беріп тұрып, наразылық акциясын ұйымдастырушылардың қудаланбайтыны туралы уәде берген еді. Кейін Макс Боқаев жер реформасы жөніндегі қайта құрылған республикалық комиссияға мүшелікке енгізілгенімен ол бірқатар талаптарын көлденең тартып, оған қатысудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG