Accessibility links

Ирак әскері Фаллуджа маңын ИМ-нен қайтара бастады


Фаллуджа қаласы бағытында кетіп бара жатқан Ирак әскери техникалары. 23 мамыр 2016 жыл.
Фаллуджа қаласы бағытында кетіп бара жатқан Ирак әскери техникалары. 23 мамыр 2016 жыл.

Ирак қауіпсіздік күштері Фаллуджа қаласын "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларынан қайтарып алу операциясын бастаған 23 мамырда қала маңындағы бірнеше аймақты басып алды.

Ирак әскерилерінің хабарлауынша, қауіпсіздік күштері Фаллуджаның батысындағы Гарма, Шихаби және әл-Седжар аймақтарына қарай жылжыған.

Операция басталғаны туралы хабарлаған Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади операция сәтті өтіп жатқанын, бірақ алда бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалу проблемасы тұрғанын мәлімдеді.

Ол бейбіт тұрғындардың қаланы тастап шығуы үшін қауіпсіздік дәліздері құрылғанын айтты.

БҰҰ Фаллуджада қалған 50 мыңға тарта адам қақтығыстан "үлкен қауіп-қатерге" тап болғанын ескертіп, оларды ұрыс аймағынан қауіпсіз түрде кетіп қалатындай жағдай жасалуы тиіс деген.

Фаллуджа - көпшілігі сүнниттер тұратын Анбар провинциясының ең ірі екі қаласының бірі. Қала 2004 жылы АҚШ әскерилерімен кескілескен шайқастар жүрген аймақтардың бірі.

Ирак әскерилері биылғы жылдың басында Рамади қаласын ИМ содырларынан тазалағаннан бері аймақта бірінші рет ірі операция жүргізіп жатыр.

XS
SM
MD
LG