Accessibility links

Мәдениет және спорт министрі есеп беру жиынын өткізді


Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының халыққа есеп беру шарасы. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының халыққа есеп беру шарасы. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.

Бүгін Астанада мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақконцерт» ғимаратында халықпен кездесу өткізді. Министрмен кездесуге келген жұрт ғимараттың шағын залына симай қалды. Арыстанбек Мұхамедиұлы жиынға жұртты қалай шақырғанын Азаттыққа айтып берді.

-Мен сіздерге анығын айтайын. Біз мысалы, есеп беру жиналысына міндетті түрде өз саламыздағы әріптестерімізді шақыруымыз керек. Міндетті түрде. Осы салада істеп жүрген ұлттық музей басшыларын немесе спорт саласындағы басшыларды, алдыңғы қатарлы қайраткерлерді шақыруымыз қажет. Сонымен, бірге әр облыстан шыққан азаматтар болды. Жаңа мен өзім де таңқалдым, басқа да осы салаға қатысы жоқ, зейнеткерлікке шыққан азаматтар залда отырды. Былайша айтқанда, біз алдын ала кездесу болатынына осындай күні міндетті түрде анықтама бердік, - деді ол. Ал залда отырған азаматтар бұл жиынға қалай келгендерін айтуға келіспеді.

Кездесуді монитор арқылы басқа облыстардар да қарап отырды. Министр алдымен 2015 жылы мәдениет және спорт саласында атқарылған шаруаларға есеп берді. Сосын, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Шағын залдағы жүз елу шақты адам ішінен министрге сұрақ қоюшылар аз болды. Жиынды жүргізуші интернет арқылы түскен бес-алты сұраққа және монитордан жиынды қараған облыстарға кезек беріп отырды. Монитор арқылы сұрақ бергендердің ішінде Парижде жүрген олимпиада чемпионы Владимир Винокуров «Қазақстандағы велоспорттың дамуын», Миланда оқып жүрген опера әншісі Мария Мудряк «биыл сахналанатын жаңа опералық қойылымдардың жайын» сұрады.

Бір жарым сағаттық жиыннан кейін министр Азаттыққа кездесуде қойылған сұрақтардан қиналмағанын айттып берді.

-Сұрақтар қиын болған жоқ. Жеке басыма қатысты [дәстүрлі әнші] Ерлан Рысқали, жақын араласамыз, ол келіп сұрады, «сіз виолончель де ойнайсыз ба?» деп сұрағысы келгенін айтты. Мен келістім. Сұра дедім. Екі сұрақты алдын ала келістік. Владимир Винокуров міндетті түрде сұрақпен шығады деді. Сонымен бірге Мария Мудряктың да сұрағы бар деді. Енді, сұрақтың не туралы болатынын білген жоқпын. Бірақ, ол кісілерден онлайн арқылы жүруіне алдын ала жұмыстар жүргіздік, - деді министр.

2016 жылғы ақпанның 5-інде Қазақстан президенті Н.Назарбаев «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» жарлық шығарған болатын. Бұл жарлық бойынша, орталық атқарушы органдардың басшылары жыл сайын жылдың екінші ширегінде қоғам өкілдерімен есеп беру кездесулерін өткізу керек.

Бұған дейін облыс, қала, аудан, ауылдық округ әкімдері ғана халыққа есеп беріп келді.

XS
SM
MD
LG