Accessibility links

Құқық қорғаушылар: Ұстауға қатысты халықаралық ұйымдарға шағымданамыз


Құқық қорғаушылар 21 мамыр күнгі оқиғаларға қатысты баспасөз жиынын өткізіп отыр. Алматы, 24 мамыр 2016 жыл.

Құқық қорғаушылар 21 мамыр күнгі оқиғаларға қатысты баспасөз жиынын өткізіп отыр. Алматы, 24 мамыр 2016 жыл.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда 21 мамыр күнгі оқиғаларға құқықтық сараптама жасап, құқық қорғау органдарына сауалнама жіберетінін, одан ары халықаралық ұйымдарға шағым түсіретіндерін мәлімдеді. Бұл туралы бүгін Алматыда Ұлттық баспасөз клубында бір топ құқық қорғаушы өткізіп жатқан баспасөз жиынында айтылды.

Жиынға құқық қорғаушылар Евгений Жовтис, Айна Шорманбаева, Жеміс Тұрмағамбетова, Тамара Калеева қатысты. Жиында олар Қазақстанда 21 мамыр күні жер мәселесіне қатысты өтетін митингіден хабар таратпақ болған 52 журналист ұсталып, кәсіби қызметіне кедергі келтірілгенін айтты. Тамара Калеева ұсталған журналистер сотқа шағымдануына болатынын, ол үшін құқық қорғаушыларға хабарласса, көмектесуге дайын екендерін айтты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Жеміс Тұрмағамбетова 21 мамыр күні Алматыда алаңға өзі де барғанын, ол кезде Амангелді Шорманбаевты полиция алып кеткенін айтты. Ол Алматы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанымен, еш нәтиже шықпағанын, кешеден бері ішкі істер министрлігінен республика бойынша қанша журналист ұсталғаны туралы ақпарат ала алмағанын айтты. Оның сөзінше, бұл мәселеде президент жанындағы омбудсмен де назар аудармаған.

- Зиялы қауым өкілдері де араша түспеді. Қала әкімі Бауыржан Байбек халық алдына шықса диалог болатын еді, полиция бұлайша әрекет етпес еді. Құқық қорғау ұйымдары, оның ішінде алты адвокат сол күні тынымсыз жұмыс істеді. Бірақ оларды жібермегені заңды өрескел бұзу болды, - деді Тұрмағамбетова.

Евгений Жовтис заңда азаматтардың шеруге шығу құқығы, кез-келген ұсталған адамның адвокат алуға хақы барын айтты. Ол журналистер мен құқық қорғаушылардың ұсталуына қатысты қорытынды құжат ертең, 25 мамырда дайын болатынын жеткізді.

Құқық қорғаушылар 21 мамыр күнгі оқиғаларға құқықтық сараптама жасаған соң құқық қорғау органдарына сауалнама жіберетінін, одан ары халықаралық ұйымдарға шағым түсіретіндерін айтты.

Қазақстанның бірнеше қаласында 21 мамырда «жер реформасына» наразылығын білдірмек болып көшеге шыққан адамдарды полиция топтап ұстаған. Олардың арасында журналистер мен құқық қорғаушылар, белсенділер де бар. Оларды бірнеше сағаттан кейін босатқан билік адамдардың неге ұсталғанын бірден түсіндірмеді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG