Accessibility links

Хадиджа Исмаилова: "Әділдік үшін күресімді жалғастырамын"


Азат Еуропа / Азаттық радиосының журналисі Хадиджа Исмаилованың түрмеден бостандыққа шыққан сәті. 25 мамыр 2016 жыл.
Азат Еуропа / Азаттық радиосының журналисі Хадиджа Исмаилованың түрмеден бостандыққа шыққан сәті. 25 мамыр 2016 жыл.

Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Әзербайжанда Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Хадиджа Исмаилованың түрмеден босап шығуын құптады. ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі Дуня Миятович өз мәлімдемесінде әзербайжандық журналистің еркіндікке шығуын «аса позитивті қадам» деп атаған. Еуропарламент басшысы Мартин Шульц «басқа жайттарға да қатысты» осындай өзгеріс болады деп үміттенетінін айтқан. Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан журналистерді қорғау комитеті Исмаилованың абақтыдан шығуын «қуанышты жайт» дей отырып, Әзербайжанда қуғын-сүргінге ұшыраған басқа да журналистердің жағдайына назар аударған.

«Бұл Хадиджа үшін және барша журналистермен мен әлемдегі сөз бостандығы үшін ұлы күн» деп мәлімдеді Азат Еуропа/Азаттық радиосы бас редакторы Ненад Пеич.

Хадиджа Исмаилова түрмеден шыққан соң жасаған мәлімдемесінде «әділдік үшін күресті жалғастырамын» деді.

Сәрсенбіде Әзербайжан жоғарғы соты бұған дейін жеті жарым жылға түрмеге кесілген Хадиджа Исмаилованың үкімін үш жарым жылға шартты мерзімге соттау жазасымен алмастырып, журналисті тұтқыннан босатқан.

Хадиджа Исмаилова 2014 жылы 5 желтоқсанда «адамды өзін-өзі өлтіруге мәжбүр етті» деген айыппен тұтқындалған. Кейін билік ол айыпты алып тастап, журналистке «салықтан жалтарған» және «қаржыны талан-таражға салған» деген айып таққан. Исмаилова 2015 жылы қыркүйекте осы айыптар бойынша сотталған. Батыс елдері мен халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымдары Әзербайжан үкіметін журналисті босатуға шақырған.

Қоғамдық ұйымдар билік Хадиджа Исмайлованы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің отбасының коррупциялық іс-әрекеттерге қатысы туралы жазған мақалалары үшін жазалады деп санайды.

XS
SM
MD
LG