Accessibility links

ҮЕҰ өкілдері «жер шерулерінің» «себептерін» атады


Алматының орталығында «жер мәселесі бойынша» шеруге шықпақшы болғандарды полицияның ұстап жатқан сәті. 21 мамыр 2016 жыл.

Алматының орталығында «жер мәселесі бойынша» шеруге шықпақшы болғандарды полицияның ұстап жатқан сәті. 21 мамыр 2016 жыл.

Алматыда бірқатар қоғамдық ұйымдар өкілдері 21 мамырда билік салған тыйымға қарамастан азаматтардың «жер мәселесіне байланысты бүкілқазақстандық шеруге» шығуға талпыныс жасағанын өз тұрғысынан бағалады.

24 сәуірден бастап елде кейбір қалаларда ауылшаруашылық мақсатындағы жерді жекешелендіру және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруді көздейтін заң өзгертулеріне қарсылық акциялары өтті. 21 мамырда бірнеше қалада жергілікті билік рұқсат бермеген жаппай наразылық акцияларын полиция өткіздірмей тастады.

Алматыда «Қазақстандағы тұрғындар наразылығының себептері және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша азаматтық қоғамның бірігу қажеттігі» деген тақырыпта өткен бірлескен баспасөз мәслихатына қатысушылар жаппай наразылықтарға себептердің арасында полиция, прокуратура және сот органдары жұмысындағы кемшіліктерді атады.

Сонымен бірге олар баспана мәселесі, ипотекалық несиелердің пайыздық үстемесінің жоғары болуы және жеке тұрғын үй құрылысын салуға заң бойынша кепілдік берілген 10 сотық жер телімін беру мәселесінің шешілмей келе жатқаны да әлгіндей наразылыққа себеп болып отырғанын айтты.

Баспасөз мәслихатына қатысушылар азаматтардың өтініштерін қабылдап, кеңес беру үшін қоғамдық қабылдау қызметін бастайтынын мәлімдеді. Олардың пікірінше, өздері жария етіп отырған проблемалар шешілмейінше елде «тұрақтылық» болатынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Баспасөз мәслихатына «АРД» қоғамдық бірлестігінен құқық қорғаушы Денис Әлімбеков, «Қоғам және заң» қоғамдық қоры директоры Болат Әнетов, «Талмас» қоғамдық ұйымы жетекшісі Лариса Бояр және әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығы жетекшісі Олеся Халабузарь қатысты.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG