Accessibility links

Уәкіл: Полиция 21 мамырда заңға сай әрекет етті


Полиция Алматыда митингіге келгендерді ұстап жатыр. 21 мамыр 2016 жыл.
Полиция Алматыда митингіге келгендерді ұстап жатыр. 21 мамыр 2016 жыл.

Қазақстандағы Адам құқығы жөніндегі уәкіл құқық қорғау органдары 21 мамыр күні Қазақстандағы жер мәселесіне қатысты митингідегі тұтқындауларды "митинг кезінде азаматтар құқығы бұзылуының алдын алу үшін" жасағанын мәлімдеді.

Уәкіл баспасөз қызметінің хабарлауынша, жер кодексіне мораторий енгізіліп, жер реформасы жөнінде комиссия құрылып, басқа да форматта талқылаулар басталғанына қарамастан бірқатар аймақта жер мәселесіне қатысты митингәлер өткізуге өтініш берілгені және оларға рұқсат етілмегені айтылады.

"Прокуратура мен полиция аталған жиындарды өткізу кезінде азаматтар құқығы бұзылуы ықтималдығын болдырмау үшін заң шеңберінде әрекет етті. Кейбір азаматтарды сот орныққан процедуралар бойынша әкімшілік жауапқа тартты. Ол сот шешіміне шағымдануға болады" делінген уәкіл таратқан ақпаратта.

Уәкіл баспасөз қызметі Азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пактінің 21-бабы мемлекеттерге "мемлекет немесе қоғамдық қауіпсіздік, тәртіп, тұрғындардың денсаулығын немесе өзге азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғау мақсатында заңға сай бейбіт жиын өткізуді шектеу құқығын" беретінін айтады.

Адам құқығы жөніндегі уәкіл 21 мамыр күні журналистердің ұсталғанын мемлекет заңдары мен халықаралық құқықтық стандарттарға қайшы екенін айтады.

Уәкілдің ұйғарымынша, қоғамдық комиссия мен жер рефомасын түсіндіруге құрылған басқа да қоғамдық диалог алаңдарын "барлық мүдделі тараптың қатысу мүмкіндігі бар" болғандықтан сақтап қалу керек.

21 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында жерді сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге қарсы митингіні полиция болдырмай, оған қатыспақ болған ондаған адамды полиция ұстаған. Құқық қорғау органдары ұсталғандардың кейбіріне митингіге қатысты айып тағып, әкімшілік айыппұл салған. ұсталғандар арасында ондаған журналист пен азаматтық белсенділер де бар. 21 мамырға дейін әлеуметтік желілердегі жер туралы және митингіге қатысатыны жайлы жазған 30-ға тарта белсенді мен қарапайым азамат үш тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары полицияның митинг өткізбек болғандар мен белсенділерді, журналистерді ұстауын заңсыз деп айыптаған.

XS
SM
MD
LG