Accessibility links

Дәрігерлер Зика вирусы қатерінен Олимпиададан бас тартуға шақырады


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Медицина саласы бойынша танымал жүзден аса маман Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) басшысына жолдаған ашық хатта адамдардың денсаулығына Зика вирусы төндіріп отырған қауіп-қатерге байланысты биыл Рио-де-Жанейро қаласында өтеді деп жоспарланған жазғы Олимпиада ойындарын кейінге қалдыруға немесе әлемдік жарыстан бас тартуға шақырған.

«Зика вирусының Бразилияда тараған түрі адам денсаулығына бұған дейін ғылыми негізде бақылау-сараптаудан өткізілмеген жолдармен нұқсан келтіреді. 500 мыңға жуық шетелдік туриске вирус жұғу және оның әлемге таралу қаупі төнбек» делінген хатта. Спорттық шараларды кейінге шегеру немесе өзге ел аумағында өткізу мүмкіндігі бола тұра әлгіндей қауіп-қатерге бас тігу этикаға жатпайды деп жазады дәрігерлер.

ДДСҰ өкілдерінің мәлімдемесінде Олимпиада ойындарын шегеру немесе оны өткізбеу Зика вирусының халықаралық көлемде таралуына айтарлықтай өзгеріс әкелмейді делінген. Американың дерттің алдын алу және бақылау жөніндегі федералдық орталығы жүкті әйелдерге мүмкіндік болса Зика вирусы тараған аймақтарға бармауға кеңес берген.

Рио-де-Жанейро қаласында жазғы Олимпиада ойындары биыл тамыздың 5-21 күндері аралығында өтеді деп жоспарланған. Бұл қала Зика вирусы ошағының бірі саналады. Вирус жүкті әйелдің құрсағындағы нәрестенің бас сүйегі мен миы көлемінің өзгеріске ұшырап, неврологиялық ауруға шалдығуына себепкер болады деп ескертеді мамандар.

XS
SM
MD
LG