Accessibility links

Бас прокуратура: 21 мамырда ұсталған 51 адамға шара қолданылды


Полиция жиынға келгендерді ұстап жатыр. Алматы, 21 амыр 2016 жыл.
Полиция жиынға келгендерді ұстап жатыр. Алматы, 21 амыр 2016 жыл.

Қазақстанда 21 мамырда «жер мәселесі бойынша шеруге» рұқсат берілмегеніне қарамастан көшеге шыққандардан полиция ұстаған 51 адам әкімшілік сотқа тартылған. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «жер комиссиясының» үшінші отырысында Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко мәлімдеді.

«Әкімшілік жауапқа тартылған 51 адамның төртеуі әкімшілік қамауға алынды, 12 адамға айыппұл салынып, 21 адамға сот ескерту жасады» деді бас прокуратура өкілі. Ол 21 мамырдағы оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалған жоқ деп мәлімдеді.

Кравченконың сөзінше, прокуратура «митингіге шығу - заңсыз» екені туралы алдын ала ескерту жасап, оған қатысуға ниетін ашық білдірген әрбір азаматпен жеке әңгіме өткізгеніне қарамастан, адамдар алда «өздерін не тосып тұрғанын біле тұра» көшеге шыққан.

«Олардың әрбіріне келеңсіз жайтқа кезігуі, полиция мен оның арасында проблема туындауы мүмкін екені туралы ескертілді. Соған қарамастан кейбірі шықты» деді Кравченко.

Оның айтуынша, қазіргі кезге дейін полиция өкілдерінің іс-әрекетіне қатысты азаматтардан прокуратураға түскен 30 шағымның 8-і 21 мамырдағы оқиғаларға қатысты.

«Мәселен, Ақтөбеде ұсталып, сот әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған екі адамның өтініші қаралды. Сот оларға шығарылған әкімшілік жаза мерзімін 7 тәулікке қысқартқан соң кеше олар босталды» деп хабарлады Кравченко.

«Жер комиссиясы» мүшесі Мұхтар Тайжанның кей азаматтардың үстінен «ұлтаралық араздық қоздыру» және «билікті күшпен өзгертуге шақыру» туралы баптар бойынша қылмыстық істер қозғалғаны туралы ақпаратқа қатысты қойған сауалына бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко ондай айыптауларға «айғақтарды бүгінгі комиссия отырысынан кейін жеке кездесіп көрсетуге» дайын екенін айтты.

21 мамырда Қазақстанда бірнеше қалада "жер мәселесіне" қатысты жиынға келгендерді полиция жаппай ұстап әкеткен еді. Ұсталғандар арасында бұл күнгі оқиға туралы хабар дайындауға барған ондаған журналист те болды. Ресми билік ол күні ондаған азамат ұсталған десе, азаматтық белсенділер полиция көшеден бірнеше жүз адамды заңсыз ұстап әкетті деген уәж айтады.

XS
SM
MD
LG