Accessibility links

Грузияда үш мыңдай түлек мектеп бітіру емтиханынан өте алмаған


Тбилиси маңындағы Макарта елді мекеніндегі мектеп шәкірті сабақта тақтаға жазып тұр. 10 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Тбилиси маңындағы Макарта елді мекеніндегі мектеп шәкірті сабақта тақтаға жазып тұр. 10 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Грузия мектептерінде білім алуды аяқтағанда тапсыратын емтихандар нәтижесі бойынша биыл түлектердің 2900-ге жуығы абитуренттерге қойылатын ең төменгі межеден өте алмағандықтан ұлттық бірыңғай емтиханға қатыса алмайды деп хабарлайды Азаттықтың Грузин қызметі «Новости-Грузия» агенттігіне сілтеме жасап.

Грузияда мамырдың 21-25 аралығында өткізілген мектеп бітіру емтиханын тапсыруға қырық мыңнан аса түлек қатысқан. Олар грузин тілі мен әдебиеті, шет тілі, тарих және математика пәндері бойынша сұрақтарға жауап берген.

Грузин тілі мен әдебиетінен сынақ тапсырған оқушылардың 98 пайызға жуығы шекті деңгейден асатын білімі барын көрсеткен. Шет тілі емтиханын тапсыруға 43 мыңға жуық оқушы келіп, шекті межеден түлектердің 85 пайызы өткен. Ұлттық емтихан орталығының түсіндіруінше, бұл үшін қойылған сұрақтардың 15-іне дұрыс жауап беру керек.

Тарихтан емтиханға 42 мыңға жуық оқушы қатысып, 95 пайызы шекті межеден өткен. Ал түлектерді қатты толғандырған математика пәні бойынша емтиханды тапсырған 42700-ден астам түлектің 86 пайызы ұлттық бірыңғай емтиханға қатысуға қажетті балл жинаған.

Грузияда биыл ұлттық бірыңғай емтихан тапсыруға барлығы 41500-ден астам талапкер тіркелген.

XS
SM
MD
LG