Accessibility links

Гиркин-Стрелков Ресейде жаңадан құрылған қозғалысты басқармақ


Игорь Гиркин-Стрелков.
Игорь Гиркин-Стрелков.

Шығыс Украинада 2014 жылы ресейшіл сепаратистер басшысы ретінде танылған Игорь Гиркин (Стрелков) енді «Жалпыреселік ұлттық қозғалысқа» жетекшілік етпек. Жаңа қозғалыс сенбі күні саяси декларациясын жариялады деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

28 мамырда Мәскеуде өткен қозғалыс жиынына оннан аса адам қатысқан.

«Новороссия» қозғалысы сайтында жарияланған декларацияда жаңа ұйымның мақсаты – «Ресейді орыс ұлтының мүддесіне қызмет ететін ұлттық мемлекет ретінде қайта жаңғырту» екені жазылған.

Сонымен бірге құжатта «Жалпыреселік ұлттық қозғалысқа» қатысушылар «өзге мемлекеттерде тұрып жатқан орыстардың құқықтары, бостандықтары мен мүдделері үшін күресетіні» және «кемсітуден жапа шеккендерді» қорғайтыны айтылған.

Украинаның Донецк аймағындағы ресейшіл сепаратистердің бұрынғы қолбасшысы ресейлік Игорь Гиркинді 2014 жылы шілденің 17-сі күні Шығыс Украинада атып түсірілген малайзиялық «Боинг» жолаушылар ұшағында қаза тапқан 18 адамның туыстары былтыр жазда АҚШ-та сотқа берген. Шығыс Украинадағы жанжалға қатысты 2014 жылы Батыс елдері Гиркинді санкция тізіміне енгізген. Украина бас прокуратурасы Игорь Гиркиннің үстінен «террорлық топ құру және оған жетекшілік ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

XS
SM
MD
LG