Accessibility links

Прокурор Ермегияевті 14 жылға соттауды сұрады


"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сотта отыр. Астана, 13 мамыр 2016 жыл.

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сотта отыр. Астана, 13 мамыр 2016 жыл.

Астанада коррупцияға қатысты айыппен сотталып жатқан "Астана ЭКСПО-2017" компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияевті прокурор 14 жылға соттауды сұрады

Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, прокурор Әлібек Айтжанов соттан Ермегияевті қылмыстық кодекстің "пара алды" деп танып, 14 жылға, "өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленді немесе ысырап етті" деп танып, 10 жылға - екі бап бойынша жиыны 14 жылға соттауды сұраған. Прокурор бұған қоса Ермегияевтің дүние-мүлкін тәркілеп, өмір бойына белгілі бір лауазымды қызметтер атқаруына және қандай да бір қызметпен айналысуына тыйым салуды, жазасын қатаң режимдегі түрмеде өткізу жазасын кесуді сұраған.

Прокурор Айтжанов сонымен қатар "Астана ЭКСПО-2017" компаниясының бұрынғы атқарушы директоры Суламбек Баркинхоевты тоғыз жылға, оның орынбасарлары Әлішер Пірметов пен Мұрат Омаровты сегіз жылға соттауды сұраған.

Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында «Астана ЭКСПО-2017» компаниясындағы қаржыға қатысты өтіп жатқан істегі басты айыпталушы Талғат Ермегиевқа қылмыстық кодекстің 311-бабының 5-тармағы ("пара алу"), 189-баптың 4-тармағының 2-бөлімі ("өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап ету") бойынша айыптар тағылған. Тергеушілер дерегінше, Талғат Ермегияев 4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленген.

Ермегияев 13 мамырда өткен сотта өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеген.

Талғат Ермегияев 2015 жылы маусым айында сот шешімімен үйқамамаққа алынған.

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы Астанада 2017 жылы өткізу жоспарланған халықаралық көрмеге дайындықпен айналысады.

XS
SM
MD
LG