Accessibility links

"Араша" комитеті: 21 мамырға қатысты қамалғандар босатылсын


"Араша" комитеті мүшелері баспасөз жиынында. Алматы, 30 мамыр 2016 жыл.

"Араша" комитеті мүшелері баспасөз жиынында. Алматы, 30 мамыр 2016 жыл.

Өткен аптада құрылған "Араша" комитетінің мүшелері бүгін 21 мамыр қарсаңында тұтқындалған белсенділерді босатуға шақырды. Комитет өкілдері - журналистер Жанболат Мамай, Гүлжан Ерғалиева, құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев, азаматтық белсенді Маржан Аспандиярова, саясаттанушы Расул Жұмалы бүгін Алматыда баспасөз конференциясын өткізіп, Қазақстанға "қуғын-сүргіннің қайта оралғанын" мәлімдеді.

- Мұны барлығы біле бермейді, бірақ әкімшілік қамауға алынып, арнайы қамау орнында отырғандардың құқығы толықтай дерлік шектелген. Оларды тіпті қоңырау соғу құқығынан айырған. Жексенбі күні арнайы орында тамақ қабылдамайды, - деді Маржан Аспандиярова.

Баспасөз жиынына Атыраудан бейбіт жиынды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзды деген айыппен 15 тәулікке қамалған Макс Боқаевтың әпкесі Гүлмарал Боқаева келді.

Боқаева Атырауда бірнеше белсендінің үстінен "билікті күшпен басып алу немесе ұстап тұруға және конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақырды" деген күдік бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында бауыры тұтқындалған соң оның үйіне жасалған тінту туралы айтып берді.

Жиынға қатысқан азаматтық белсенді, үкіметтің жер реформасы бойынша құрған комиссиясы құрамына кіретін Мұхтар Тайжан белсенділер құрған "Араша" комитеті мен Астанадағы комиссияның өзара жұмыс істеуіне күш салатынын айтты.

"Араша" комитетін құқық қорғаушылар, саясаткерлер мен журналистер 26 мамырда құрған. Олар комитет құрғандағы мақсаты 21 мамыр қарсаңында қамалған белсенділер мен 21 мамырда жер мәселесі бойынша рұқсат етілмеген наразылық акциясына қатысты деген айыппен қуғын көрген азаматтарды қорғау екенін айтқан. Комитет құрамында Евгений Жовтис, Рысбек Сәрсенбайұлы, Гүлжан Ерғалиева, Ермұрат Бәпи, Жарылқап Қалыбай, Әміржан Қосанов, Маржан Аспандиярова, Жанболат Мамай және Инга Иманбай бар.

Мамырда ортасында 30-ға тарта белсенді мен әлеуметтік желі қолданушысы ұсталып, үш тәуліктен 15 тіулікке дейінгі мерзімге қамалған. Олар әлеуметтік желілерде жер реформасына қатысты наразылықтарын және 21 мамырда өтуі мүмкін, билік рұқсат етпеген митинг туралы жазған.

XS
SM
MD
LG